Бұл туралы Маңғыстау облысының денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жамал Жаманбаева өзінің фейсбук парақшасында жазды.
"Қазіргі таңда Бейнеу ауданында короновирус инфекциясының өршуі тек тұрғындарды ғана емес, дәрігерлерді де қатты алаңдатып отыр. Өкінішке орай, ауыл тұрғындарының карантин ережелерін сақтамауы, базарлар мен дүкендерде, қала берді той-томалақтарда, садақаларда бір-бірімен еркін араласып жүруі, аурудың кең таралуына әкелді. Індетке қатысты жағдайға сену, сенбеу деп қарауға болмайды. Ақиқатты дүниеге шынайы қарайық. Расында, Covid-19 індетін жұқтырғандар саны өсіп барады. Әрине, өкінішті", деп жазды ол.
Сонымен қатар шұғыл түрде Бейнеу ауданында карантин режимін күшейту керегін де атап өтті.
"Бұл жұмыс тек қана медиктердің жұмысы емес. Өкінішке орай, бәріне тек қана медицина кінәлі деп ойлайтын азаматтар аз емес. «Озық» ойлы азаматтар осы ойларын бүкіл елге таратып отырып алады. Оларға «қойыңдар» деуге болма ма? Бір қызығы, осы індетті өз пайдасына шешкісі келіп, ұпай жинауды ниет еткендер өте көп. Болып жатқан барлық жағдайды медицина қызметкерлерінен көріп, бір жақты пікір жазып, шешім қабылдау жөнсіз деп есептейміз", деп жазды ол.
Айта кетейік, Бейнеу ауданында коронавирус жұқтырғандар саны 155-ке жеткен болатын.