Қарақия ауданында «Жұмыспен қамту жол картасы - 2020» аясында 25 нысанды салу және жөндеу жұмыстары жүріп жатыр, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Қарақия ауданы әкімінің орынбасары Гүлмира Қылаубаеваның айтуынша, аудан бойынша мемлекеттік бағдарламаны іске асыруға 4 млрд 717 млн теңге бөлінді.
«Оның ішінде ағымдағы трансферттен 7 жобаға 792 млн теңге қаралып отыр. Қалған 18 жобаға мемлекеттік бағалы қағаздар есебінен 3 млрд 924 млн, (9 млн тг.-18 жоба) 925 млндай теңге жұмсалады. Осыдан үнемделген қаржы – 412 млн 200 мың теңге. Маусым айына 759,8 млн теңге жоспарланды. Оның 119 млн-ға жуығы игерілді» - деді Г.Қылаубаева.
Енді мемлекет қаражатының қайда жұмсалатын айтайық. Құрық ауылында қолданыстағы және жаңа шағынаудандарда кәріз желілерін салуға 91,6 млн, «Ақтау-Құрық 2-СИОТ» сорғы станциясының құрылысына 26,7 млн теңге қаралған. Алайда осы мақсаттарға жоспарланған ақша республикалық бюджеттен әлі аударылмаған.
Бұдан бөлек Құрық ауылдық №4 орта мектеп, Сенек пен Бостандағы мәдениет үйлерінің ағымдағы жөндеу жұмыстары, Құрық ауылішілік автомобиль жолдары мен су құбырларының ағымдағы жөнделуіне 90,1 млн теңгеге өтінім берілген.