Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева қазақстандықтарды Мемлекеттік рәміздер күні мерекесімен құттықтады. Бұл туралы министр Facebook парақшасында жазды.
«Бүгін - Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күні! 1992 жылғы дәл осы күні тәуелсіз Қазақстанның жаңа мемлекеттік рәміздері алғаш рет бекітілді. Мемлекеттік рәміздер - мемлекеттің мызғымас негіздерінің бірі. Мемлекеттік рәміздер барлық уақыттар мен замандарда қоғамдағы әр адам үшін қастерлі де, қасиетті болды. Рәміздер халықтың бостандығы мен тәуелсіздігін бейнелейді, оның құндылықтары мен қасиетті жерлерін, ата-бабалар жадын және жаңа ұрпақтың болашақ жетістіктерін білдіреді.
Қазақстандық Ту асқаралы биік тау шыңдарына орнатылды, ғарыштан Жер шарын айналып ұшты, әлемдік деңгейдегі спорттық жеңістерде желбіреді, адамдарды азаматтық және кәсіби ерліктерге шабыттандырды. Мемлекеттік рәміздер халықты біріктіріп, ұлтты бірегей етеді.
Қай қайсымыз да Туымыз, Әнұранымыз және Елтаңбамыздың асқақ рух, азаттық, қаһармандық пен даналықтың қастерлі нышаны екенін жақсы білеміз. Біз әркез қасиетті Туымыздың астында Отанымыздың тәуелсіздігі мен халқымыздың бақытты да бейбіт өмірін қорғаймыз.
Бейбіт уақытта мемлекеттілік әрбір қазақстандықтың жетістіктерін нығайтады - біздің әрқайсымыз неғұрлым табысты болсақ, Тәуелсіз Қазақстан соғұрлым қуатты болады.
Еліміздің барлық азаматтарын осы қасиетті де маңызды күнмен шын жүректен құттықтаймын! Баршаңызға өсіп-өркендеу, уақытша қиын кезеңді лайықты еңсеру, өмірлік күш-жігер мен жасампаздық тілеймін», - деп жазды Аида Балаева.