Маңғыстау облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы болып Ғаббас Досатов тағайындалды. Бұл туралы Маңғыстау облысы табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының баспасөз қызметі хабарлады.
Ғаббас Шаңытбайұлы 1967 жылы Маңғыстау облысы Маңғыстау ауданының Үштаған ауылында дүниеге келген. 1984 жылы 10 сыныпты бітірген. 1984 – 1986 жылдар аралығында Ильич атындағы совхозда түрлі қызметте болған. 1986 жылы Кеңес әскері қатарына алынып, екі жыл Герман Демократиялық республикасында Кеңес әскер тобы құрамында әскери борышын өтеген.
1988 – 1993 жылдар аралығында Батыс-Қазақстан ауыл шаруашылығы институтын зооинженер мамандығы бойынша тәмамдаған. Еңбек жолын 1993 жылы қыркүйек айында Маңғыстау облыстық орман шаруашылығы бірлестігінде қорықшы болып бастаған ол, күні бүгінге дейін осы салада абыройлы жұмыс жасап келеді. Бұған дейін ол 2019 жылдың 11 қыркүйегінен осы уақыта дейін аталмыш мекемеде басшының міндетін атқарып келді.
Инспекцияның жаңа басшысын ұжымға Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Бақытжан Қашақов таныстырып, Ғаббас Шаңытбайұлының жұмысына сәттілік тіледі.
Айта кету керек, шараға Маңғыстау облысы табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Дүйсен Құсбеков, табиғат қорғау прокуратурасы және тағы басқа уәкілетті органдардың өкілдері қатысты.