Бұл туралы Ақтау қалалық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы және қауіпсіздігін бақылау басқармасының басшысы Асима Жарылғасова аймақтық ҚКО-да онлайн форматында өткен арнайы брифингте айтты. Бұл туралы Маңғыстау облысының қоғамдық коммуникация орталығы хабарлады.
Бүгін Маңғыстауда екінші адам коронавирус індетінен емделіп шыққанын хабарлаған болатынбыз. Асима Жұмабайқызының айтуынша, ол бүгін кешке үйіне жіберіледі. Ол Қызылорда өңірінен Ақтауға жұмыс істеуге келген азаматтың жұбайы. Өзін жақсы сезінеді. Барлық медициналық талдау теріс нәтиже көрсеткен.
«Бұл кісінің жолдасы - 50 жастағы ер адам жасанды тыныс алу аппаратына қосылған. Жағдайы ауыр деп бағаланып отыр. Одан бөлек тағы екі науқас ем қабылдап жатыр. Қазіргі жай-күйін орташа тұрақты деп айтуға болады. Сауығып тұрған соң стационардан шығады деп үміттенеміз» - дейді ол.
Айта кетейік, провизорлық және обсервациялық орындарға түскен адамдардың азғасында вирустың бар-жоғы анықталады. Теріс нәтиже болған жағдайдың өзінде карантин мерзімі аяқталған соң ғана үйіне босатылады. Бұл ретте оның 14 күн өзін-өзі оқшаулауы маңызды.
Яғни, оған өз баспанасынан шығуына болмайды. Ол тұратын пәтер немесе үйге басқа адамдардың баруына тыйым салынады. Оқшауландырылған азамат үнемі бетперде тағуы қажет. Бөлмелердің ішін үнемі залалсыздандырып тұру керек.
«Қазіргі таңда Маңғыстау облысына шетелде білім жатқан студенттер келіп жатыр. Барлығы бірдей міндетті түрде медициналық тексеруден өтеді. Олардың арасында Ақтөбеде 14 күн карантинде болып, тексеруден өткендері бар. Берілген құжатқа сәйкес өз үйлеріне қайта алады. Қазір тұрғылықты мекен-жайлары бойынша карантинге алынды. Қауіпті індеттің аймақта таралуы шарықтау шегіне жетті деп айтуға болмайды. Егер тұрғындарымыз төтенше жағдай тәртібін бұзбай, үйде отырса бұл кезеңнен өтеміз» - деді Асима Жарылғасова.