Бұл туралы Маңғыстау облыстық Бекет ата мешітінің баспасөз қызметі хабарлады.
Әлемді әбігерге салып, елімізді де айналып өтпеген короновирус індетіне шалдығушылар өңірімізде де пайда болды. Облыс тұрғындары төтенше жағдайға көшіп, мешіттер қызметін уақытша тоқтатты. Қиындыққа кез болып, материалдық мұқтаждыққа тап болған болған отбасыларға мемлекеттің бастамасымен кәсіпкерлер қол ұшын беруде. Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасына қарасты Маңғыстау мешіттері де бұл ізгі істерге атсалысып, аз қамтылған отбасыларға қайырымдылық шараларына қатысуда.
- Қайырымдылық – адамның асыл қасиеттерінің бірі. Кісінің айналасындағы адамдарға деген ықыласы мен көмегін, адамгершілік қарым-қатынастарын білдіреді. Құран Кәрімде Алла Тағала: «Алла қалаған пендесін өзі тура жолға салады. Қайыр – садақа ретінде не берсеңдер де өздерің үшін. Не берсеңдер де, тек Алланың разылығы үшін берулерің керек. Ізгілік жолында не жұмсасаңдар да, соның бәрі өздеріңе толық қайтарылады және сендер әділетсіздіккке ұшырамайсыңдар» делінген. Аса сүйікті Пайғамбарымыз мүбарак жүзі «Жомарт бол, жұртқа жақсылық жасағаннан жалықпа» дегенді естігенде ерекше күлімсірейтін, өйткені, жомарттық Пайғамбарымызға тән қасиет еді. Әсіресе, Рамазан айларында оның жомарттығы мен мәрттігінде тіпті шек болмайтын. Олай болса, ел басына қиын күндер туғанда қайырымдылық шараларын ұйымдастыру-өңір мешіттерінің бүгінгі қызметінің негізгі бағыты болып отыр, - ҚМДБ Маңғыстау облысының бас имамы Әнуар Елжанов.
Осы апта ішінде облыстық Бекет ата мешітінің ұйымдастыруымен өңірде бірнеше қайырымдылық шарасы өтті. Маңғыстау ауылдық Миғраж мешітінің ұйымдастыруымен, ірі қара құрбандыққа шалынып, еті 50 мұқтаж отбасына үлестіріп берілсе, Ақшұқыр ауылдық мешітінің имамдары 15 мұқтаж отбасына азық-түлік таратты. Ал, Ақтау қалалық Бекет ата мешітінің қызметкерлері 25 отбасына азық-түлік таратып, ондаған жанұяға қой етін үлестірді. Сондай-ақ, Маңғыстау облыстық орталық мешіті мен Ақтау қалалық Бекет ата мешітінің бірігуімен 100 мұқтаж отбасына азық-түлік жеткізілді. Ал, Мұнайлы ауданына қарасты Қызылтөбе мешіті 16 аз қамтылған отбасына көмек көрсеткен. Осы бір жауапты да күрделі кезеңде облыс мешіттері бетперделер тігіп, қызметкерлер мен тұрғындарға таратты. Осылайша, Маңғыстау мешіттерінің қызметкерлері қиын күндерде ізгі істерге атсалысуда.