«Nur Otan» партиясы Маңғыстау облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, фракция жетекшісі Е. Әбіловтың төрағалығымен облыстық мәслихаттағы «Nur Otan» партиясы депутаттық Фракциясының отырысы өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Отырыста Маңғыстау облыстық мәслихатының 2020 жылғы 11 желтоқсандағы №39/462 «2021-2023 жылдарға арналған облыс бюджеті туралы» шешіміне өзгерістер енгізу туралы, «Nur Otan» партиясы Маңғыстау облысы, қалалар, аудандар бойынша «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламасы Жол картасының іс-шараларының 8 айдағы орындалысы және орындалмау тәуекелдері бар іс-шараларды қаржыландырумен қамтамасыз ету мәселелері туралы, «Nur Otan» партиясының және «Болашақ» корпоративтік қорының бірлескен «Әрбір бала мектепке лайық» әлеуметтік жобасын бюджеттік қаржыландыру және Маңғыстау облысында инклюзивті білім беруді одан әрі дамыту туралы, Елді-мекендердің және әлеуметтік нысандардың жылыту маусымына дайындығы туралы төрт мәселе қаралды.
Отырысқа фракция мүшелері, облыс, қала, аудан әкімдері, басқарма басшылары онлайн және офлайн форматта қатысты.
Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша Маңғыстау облысының әкімінің бірінші орынбасары А.Меңдібаев, «Nur Otan» партиясы Маңғыстау облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Е.Әбілов, Маңғыстау облыстық білім басқармасының басшысы С.Тулебаева және Маңғыстау облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқарма басшысы Б.Қартбаев баяндама жасады.
«Nur Otan» партиясының Төрағасы Н.Назарбаевтың тапсырмасы бойынша партия Үкіметпен, облыс әкімдіктерімен және өңірлік филиалдармен бірлесе отырып, алдағы 5 жылға аудандарды, қалаларды және облыстарды дамытудың жаңа сайлауалды бағдарламасын бекітті. Осыған байланысты Маңғыстау облысы бойынша 1 облыстық, 2 қалалық, 5 аудандық Сайлауалды бағдарлама жасақталды. Сайлауалды бағдарламаның Жол картасын жүзеге асыруға жауапты 21 басқарма мен 7 аудан қала әкімдіктері бекітіліп, орындалысын бақылауға барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары тартылды. Аймақтық және аумақтық филиалдар тарапынан партиялық бақылау жасау мақсатында 70 кеңес құрылып, әр сала бойынша білікті мамандар, депутаттық фракция мүшелері тартылды. Осы уақытқа дейін облыс бойынша 218 кеңес отырысы өткізілді.
Жол картасында қарастырылған 168 пункт, 148 іс-шара, 20 индикаторлар мен көрсеткіштердің, 2021 жылы орындауға 112 шарасы, 20 индикатор мен көрсеткіштер жоспарланған. Қазіргі уақытта 112 іс-шараның 28-і (25%) орындалды, қалғаны орындалу үстінде.⠀
Ел экономикасының негізгі локомотивтерінің бірі – құрылыс саласын дамытуда облысымыз соңғы бес жылдың ішінде тұрғын үй көлемін пайдалануға беру бойынша алдыңғы үштіктің (Алматы, Нұрсұлтан, Ақтау қалалары) қатарынан түспей келеді. 2021 жылға «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша жалпы саны 1407 пәтерді құрайтын тұрғын үйлер құрылысы аяқталады деп жоспарлануда.
Денсаулық саласы бойынша Онды ауылында ауысымына 20 келушіге арналған дәрігерлік амбулаториясының құрылысы аяқталды. Қызылсай ауылында аусымына 50 келушіге арналған дәрігерлік амбулаториясының құрылысы жүргізілуде. 2021 жылы Жаңаөзен қаласында "Нейрон-өзен" БМСК, Жетібай ауылында "Әбілхайырхан" және "Есенқосов" БМСК орталықтары ашылды. "Ауыл – ел бесігі" жобасы аясында Жаңаөзен қаласының Қызылсай ауылында бір ауысымда 20 адам қабылдайтын амбулаторияның құрылысы аяқталды. Ағымдағы жылы Ақтау қаласында Облыстық онкологиялық орталықтың құрылысы аяқталады. Сонымен қатар, Мұнайлы ауданында 150 кереуеттік орталық аудандық аурухананың құрылысы басталады.
Халықты жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету саласында 2021 жылғы қаңтар-тамыз айларында «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлік» бағдарламасын іске асырудың арқасында 24 919 жұмыс орны құрылды (2020 жылғы қаңтар-тамызда – 19 228 жұмыс орны).
Бүгінгі күні өңірде 17 балабақша пайдалануға берілді (Ақтау қаласында - 5, Жаңаөзен қаласында – 1, Бейнеу ауданында – 2, Мұнайлы ауданында – 6, Түпқараған ауданында – 3).
1 қыркүйекте 1 500 орындық 2 мектеп: Ақтау қаласында 34 шағынаудандағы 1 200 орындық және Шығыс-1-дегі 300 орындық мектеп пайдалануға берілді. Сондай-ақ, 1 160 орындық 5 жекеменшік мектеп ашылды.
Бүгінгі таңда Ақшұқыр ауылындағы 1 спорт кешені пайдалануға берілді. Мұнайлы ауданы Атамекен ауылында 1 спорт залы, Қарақия ауданының Жетібай ауылында 1 спорт залы, Ақтау қаласында 10 спорт алаңы пайдалануға берілді. Осылайша, іске қосылған нысандар есебінен спортпен шұғылданушылар саны артты.
Жиында қаралған мәселелер бойынша фракция мүшелері А. Салманов, Н. Сәрсенбай, А. Өрісбаев, К. Жақыпұлы, Р. Өтесбаева ұсыныстар айтты. Облыстық бюджетті нақтылау жұмыстарына шешімін табуға тиісті мәселелердің тізімін берудің маңыздылығы айтылды.
Фракция жетекшісі Е. Әбіловтың айтуынша 2021-2025 жылдарға арналған жол картасының орындалысы партияның бақылауында. Отырыста жол картасында жоспарланған осындай өзекті іс-шаралар ұдайы филиал жанынан құрылған қоғамдық кеңестің бақылауында болады және уақытында нәтижелі орындалысы талап етілетіндігі айтылды.