Биыл да қазақстандықтар Дүниежүзілік ЖИТС-ке қарсы күніне үн қосты. Осы жылдың тақырыбы «Теңсіздікті жою. ЖИТС-ті тоқтату. Пандемияны тоқтату» болды. Әрине, бұл мереке емес, бұл—бүкіл тұрғындар, әсіресе жастар арасында АИТВ инфекциясын жұқтырумау және алдын алу мәселелері жөнінде ақпарат беру жұмыстарын күшейтіп, бұған халық назарын аудару, вирус жұқтырғандардың ыңғайсыздануын, яғни, стигманы және кемсітушілікті тоқтату мақсатын көздеген ауқымды шара. Осы орайда ЖИТС-ке қарсы күрес және оның алдын алу жөніндегі Маңғыстау облыстық орталығында қандай жұмыстар тындырылды? Бұл жөнінде орталықтың эпидемиологиялық бөлімінің эпидемиолог дәрігері Меруерт Бөкенбаевадан сұрағанбыз.
- АИТВ инфекциясының таралуы мінез-құлыққа байланысты болғандықтан, алдын алу ісінде тәрбие мен оқытып-үйретуге маңызды орын беріледі,-деді ол.-Орталық мамандары осы бағытта біршама жұмыстарды жасады. Олардың кейбірін атап айтсам, халықтың негізгі топтары арасында (ХНТ) «Зиянын азайту» бағдарламасын жүзеге асырып келеміз. Бұл жұмыстар–шприцтерді ауыстыруды, ХНТ қорғаныш заттармен, АИТВ инфекциясы бойынша ақпараттық-білім беру материалдарымен қамтамасыз ету және АИТВ инфекциясының алдын алу жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізу. Сондай-ақ бұл жалпы халық арасында, әсіресе, жастар арасында–мектептегі жоғары сынып оқушылары, орта арнайы оқу орындары мен жоғары оқу орындарының студенттері арасында лекция түрінде БАҚ арқылы хабардар етуді қамтиды. Күн сайын семинар сабақтары, лекциялар, тренингтер, дөңгелек үстелдер, әңгімелесулер өткізіліп, бейнероликтер көрсетіп, ақпараттық-білім беру материалдары—плакаттар, буклеттер, парақшалар, күнтізбелер үлестірілді.
АИТВ инфекциясының алдын алу жөніндегі дәріс барысында індеттің таралу тарихы, аурудың пайда болуының болжамдары, вирустың берілу жолдары, АИТВ-ның ЖИТС-тен айырмашылығы, алдын алу шаралары, салауатты өмір салты туралы білімін қалыптастыру секілді мәселелер қамтылды. Хабардар ету мен оқытып-үйрету бағдарламалары аясында АИТВ инфекциясының алдын алу шараларының барлық аспектілері қаралады. Алдын алудың жеке басына қатысты шаралары—бей-берекет жыныстық қатынасты, есірткі тұтынуды және енгізуді болдырмау, татуировка салдырмай, ұстараны, маникюрлік басқа да заттарды ортақ пайдаланудан бас тарту. Ал аурудың берілу жолдары үш түрлі болады. Бұлар—жыныстық, парентералды (вирустың қанға түсуі), вертикальды, яғни, анадан балаға берілуі. Ерте бастан және бей-берекет жыныстық қатынас жасаудан АИТВ инфекциясын, басқа да жұқпалы ауруларды жұқтыру қаупі артады, керек емес жүктілікке, отбасын құруға байланысты мәселелер туындауы мүмкін. Некеге отырғанға дейін жыныстық қатынас жасамағандар жыныс жолымен берілетін ауруларға тап болмайды.
Парентералды жолы немесе вирустың қанға түсуі туралы айтсақ, АИТВ тасымалдаушы науқастардың көпшілігі—инъекциялық есірткі тұтынушылар. Осындай топтарда есірткі көбінесе бір шприцпен ішіне енгізіледі де, оны кейін бір-біріне береді. Сонымен қатар есірткіні дайындау кезінде тығындар, сүзгілер, ыдыстар сияқты ортақ заттарды бірлесіп пайдалану да АИТВ-ны жұқтырып алуына ықпал етеді. Сөйтіп, уақыт өте келе осындай топтың мүшелері 2-3 жыл ішінде шамамен 70% АИТВ жұқтырады. Бүгінде мамандар жастардың бір-біріне сенімді болуы және отбасы беріктігі, болашақ сәбидің денсаулығы үшін некеге тұрар алдында АИТВ-ға тест тапсырғаны жөн деген пікір айтып жүр. Мұны біз де құптаймыз.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА