Елімізде коронавирус індетіне шалдыққан жандар қандай жағдайда стационарға немесе аурухана жатқызылатыны айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Стационарға коронавирусқа шалдыққан орташа, ауыр және өте ауыр жағдайдағы науқас жатқызылады. Демек вируспен күрес жеңілсе соқса және компьютерлік диагностика болса, ол адамды ауруханаға жатқызудың қажеті жоқ. Яғни дәрігер науқасты клиникалық белгілерінің жиынтығын негізге ала отырып стационарға жібереді. «Мысалы, егер пациенттің дене температурасы көтеріліп, жөтел мен алқыну белгісі болған жағдайда, компьютерлік томография науқас өкпесінің 20 пайызын зардап шеккен жағдайда ол ауруханаға жатқызылады. Одан бөлек, қант диабеті, гипертензия және онкологиялық аурудың созылмалы түріне шалдыққандар және 65-тен жоғары жастағы жандар да емді ауруханадан ала алады. Жалпы науқасты ауруханаға жатқызу мәселесін дәрігер анықтайды», - деді ҚР ДСМ медициналық көмекті ұйымдастыру департаменті директорының орынбасары Гүлнар Жанғарашева ОКҚ-де өткен баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, бүгінде елімізде ауыр және өте ауыр жағдайда 998 науқас ауруханада ем алып жатыр.
Бұған дейін хабарлағанымыздай қазіргі уақытта еліміз вакцина өндіруші бірнеше компаниямен келіссөздер жүргізіп жатыр.