Жаз басталғаннан бері жаңалықтар жиынтығы еліміздің әртүрлі аймақтарында орын алған өрттер туралы хабарламаларға толы болды. Өкінішке орай, біздің облыс та өрттен зардап шегіп отыр. Егер Абай, Ақмола және басқа облыстарда орманды алқаптар мен құрғақ шөп жанып, оған үлкен күш-жігер жұмсалып, дегенмен тез арада сөндіріліп жатса, біздегі жағдай ерекше, себебі «Бузачи Нефть» ЖШС – «Каратурун Восточный» газ кен орнындағы ұңғыма бір айдан бері өртеніп жатыр.
Өрттің себептері және компанияның осы жағдайға қатысты қандай шешім қабылдайтыны туралы, сондай-ақ басқа да сауалдар бойынша «Бузачи Нефть» ЖШС Бас директоры Сәуле Ерланқызы Асанова біздің тілшімізге мәлімдеп берді.
- Сәуле Ерланқызы, кен орнында не болғанын толығырақ айтып беріңізші?
2023 жылғы 9 маусымда Маңғыстау облысының уақыты бойынша сағат 3:25-те, «Бузачи Нефть» ЖШС - «Каратурун Восточный» газ кен орнында, «Заман Энерго» ЖШС мердігерлік ұйымының қызметкерлерімен №303 барлау ұңғымасын салу барысында рұқсат етілген технологиялық регламенттің бұзылуына байланысты, кенжарда 1088-1090 метр деңгейінде бұрғылау құралын көтеру кезінде газ-су қоспасы атқылады, кейіннен ашық газ-су бұрқағына ауысып, одан әрі өрт орын алды. «Заман Энерго» қызметкерлері өрт орнынан дереу эвакуацияланды. Біздің және қосалқы мердігер қызметкерлерінің жедел әрі келісілген әрекеттерінің нәтижесінде барлық адамдар тірі қалды.
Біз апат туралы «КӘАҚҚ Республикалық орталық штабының» Маңғыстаудағы «АкБерен» филиалына дереу хабарладық. Олар шақыруға уақытылы жауап беріп, апаттың салдарын жою жөніндегі іс-шараларды орындауға кірісті.
Ұңғыма сағасындағы өртті қысқа мерзімде сөндіруге мүмкіндік беретін іс-қимылдың оңтайлы алгоритмін әзірлеу үшін Маңғыстау облысының әкімдігінде Маңғыстау облысының әкімі Н.А. Ноғаевтың, ҚР Энергетика министрлігінің вице-министрі А.Г. Хасеновтың, ҚР ЭМ Мұнай-газ кешеніндегі мемлекеттік инспекцияның бас өңіраралық басқармасы басшысының орынбасары Н.Ж. Өмірбаевтың, ҚР ТЖМ Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары С.К. Қазақбаеваның және басқа да жауапты сала басшыларының, мұнай компанияларының, аумақтық департаменттердің, басқарма басшыларының, ғылыми-зерттеу институттары мен жобалау ұйымдарының өкілдерінің қатысуымен шұғыл кеңес өтті.
Кеңеске қатысушылардың талқылауы барысында №303 ұңғымадағы апатты жою мақсатында екі бостатушы ұңғыма бұрғылау бойынша жеке техникалық жобаны әзірлеу жөнінде шешім қабылданды, содан кейін апаттық ұңғыманы бақылауға алу жөніндегі жұмыстарға кірісуге мүмкіндік пайда болып, және одан әрі апаттық ұңғыманы оның оқпаны арқылы толық цементтеуді жүргізуге болады. Қазіргі уақытта екі бостатушы ұңғыманың жобалары орындалды және мемлекеттік органдармен келісу жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ, газ горизонтын сумен толтырып, апаттық оқпаннан 250 метр қашықтықта тік ұңғыманы бұрғылау мақсатында №303 ұңғыманың апаттық оқпанынан 520 метр қашықтықта орналасқан Г-24 ұңғымасын қайта іске қосу жұмыстары жүзеге асып отыр.
- Жауабыңызға қарағанда, іс оңға басатын көрінеді. Аталған жобаның басталу және аяқталу мерзімі туралы болжамдарыңызбен бөліссеңіз?
- Жоба бойынша жұмыс басталып кетті. Қазірдің өзінде ұзындығы 1300 метрлік жол және екі бұрғылау алаңы салынды. Бұрғылау станогын жұмылдыру жүріп жатыр. Апатты жою бойынша барлық авариялық жұмыстарды 2023 жылдың қазан айында аяқтауды жоспарлап отырмыз.
- Аталған уақыт аралығында ұңғымадағы өрт тоқтамай, аймақтағы экологиялық жағдайға теріс әсерін тигізбейді ме?
9 маусымда және 23 маусымда алынған ауа сынамаларының деректеріне сәйкес, болған апаттан кейін санитариялық-қорғау аймағындағы атмосфералық ауаның шекті рұқсат етілген концентрациясының (ШРК) нормалары рұқсат етілген көрсеткіштерден аспайды. Бұл метан мөлшері 99%-ға жететін газдың жануына байланысты, ол экологияға айтарлықтай зиян келтірместен толығымен жанып кетеді. Өлшеулерді Қазақстан Республикасы Табиғи ресурстар экологиясы министрлігінің сынақ зертханасы, "Маңғыстау облысы бойынша экология департаменті" РММ жасады.
- Сәуле Ерланқызы, дегенмен, өрттің себептеріне қайта оралғым келіп отыр. Біз "Бузачи Нефть" ЖШС заңда белгіленген нормалар мен ережелерді қатаң сақтайтын компания екенін білеміз. Мұндай төтенше жағдай қалай орын алды?
- Біз жер қойнауын пайдаланушыларға қатысты барлау, бұрғылау, жолдар, алаңдар салу және басқа да міндеттемелер жобаларын дайындау процесіне үлкен жауапкершілікпен қараймыз. Барлық жобалық құжаттама бойынша мемлекеттік органдардың мақұлдауы мен келісімін алғаннан кейін біз ашық тендер шарттарына сәйкес мердігерді жалдаймыз, себебі Қазақстан заңнамасына сәйкес жер қойнауын пайдаланушы компания ретінде бұрғылау жұмыстарын өз бетімізше жүргізуге құқығымыз жоқ. Осылайша, қосалқы мердігерлік шарттарға негізделе отырып, барлық рұқсат құжаттары мен аккредиттеуге, сондай-ақ жұмыстарды жүргізу үшін қажетті бұрғылау жабдықтары мен қызметкерлерге ие «Заман Энерго» ЖШС компаниясы тартылды. Алдын ала талдау бойынша №303 барлау ұңғымасын бұрғылау кезінде болған апат адами фактормен, «Заман Энерго» ЖШС бұрғылау бригадасының қателігі немесе немқұрайлылығымен болған технологиялық регламенттің бұзылуына байланысты орын алды. Қазір бұл мәселені арнайы құрылған комиссия қарастырып жатыр. Біз, өз тарапымыздан оларға барынша көмек көрсетіп жатырмыз.
- Адам факторы, әрине, болжауға келмейтін жағдай... Апат «Бузачи Нефть» компаниясының және қызметкерлердің одан әрі жұмысына қалай әсер етеді? Қысқартулар, жалақының төмендеуі және т.б. өзгеріс бола ма?
Біз өз жұмысымызды қабылданған даму стратегиясына сәйкес жалғастыратын боламыз. №303 ұңғымадағы өрт - төтенше жағдай, мемлекеттік органдармен бірлесіп, оны тез арада шешуге бар күшімізді салып жатырмыз. Бұл жағдайда адамдар мен біздің қызметіміз зардап шекпеуі керек.
«Бузачи нефть» ЖШС қызметкерлерінің штаты 240 адамды құрайды, сондай-ақ жұмыс процесіне мердігерлік және қосалқы мердігерлік ұйымдарда 1000-ға жуық адам тартылған. Жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттар шеңберінде біз жергілікті кадрларды тартамыз. Компания жыл сайын қызметкерлер санын 6%-ға ұлғайтып, осылайша қосымша жұмыс орындарын ашып отыр. 2022 жылдың басында біз қызметкерлердің жалақысын ұлғайту бойынша міндеттемелерді өз мойнымызға алдық – 2022 жылғы ақпан айынан бастап жалақы мөлшері 25%-ға, 2022 жылғы 1 шілдеден бастап қосымша 25%-ға, ал 2023 жылы тағы 10%-ға, барлығы 60%-ға ұлғайтылды. «Бузачи Нефть» ЖШС жалақы деңгейі Маңғыстау өңіріндегі ұқсас жеке компанияларға қарағанда жоғары екенін атап өткім келеді. Бұдан бөлек, сыйлықақылар төленеді, сондай-ақ компания қызметкерлердің тұрмыстық және еңбек жағдайын жақсарту бойынша барлық қажетті шараларды қабылдап, жүзеге асырады. Біздің қызметкерлердің 100%-ы қазақстандықтар, оның 90%-ы Маңғыстау облысының тұрғындары.
Компания қызметті барлық көзделген нормалар мен ережелерді сақтай отырып, Республика заңнамасында көзделген талаптар шеңберінде жүзеге асыратынын атап өткім келеді. Бұл оның қызметінің барлық аспектілеріне, соның ішінде жер қойнауын пайдалануға да қатысты. Компания жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды қолданыстағы ережелер мен мемлекет заңнамасының талаптарына сәйкес жүргізеді.
- Сіз компанияның даму стратегиясын атап өттіңіз, нақтырақ тоқтала кетсеңіз? Компанияның бағыты мен мақсаты белгілі болса, кез-келген кедергіні еңсеруге болады емес пе?
- Бізде бір ғана стратегия бар - оперативті, корпоративтік және әлеуметтік деңгейде жауапкершілікпен даму. Компанияның 20 жылдық жұмыс тәжірибесінде акционерге бірде-бір рет дивидендтер төленбеген, ал оның тарапынан компанияға шамамен 100 миллион доллар сомасына шетелдік инвестиция тартылған. Компанияның бұрынғы және қазіргі кездегі барлық кірістері компанияның дамуы мен капиталдандырылуына қайта инвестицияланады.
2022 жылы мұнайды сатудан алынған 40 млрд. теңге түсімнен компания мемлекет бюджетіне 16 млрд. теңге сомаға салық және басқа да төлемдер төледі. Осы түсімнен компания дамуға 19 млрд. теңге инвестиция салды. 2022 жылдан қалған 5 миллиард түсім 2023 жылдың бірінші тоқсанының түсімімен бірге компанияның дамуына инвестицияланды. 2023 жылдың бірінші тоқсанында инвестициялардың жалпы сомасы 7.2 млрд. теңгені құрады. Көрсетілген сомалар кен орындарын дамытуға және инфрақұрылымдық жайластыруға салынған. Тиісінше, салық жүктемесі және мемлекет бюджетіне төленетін басқа төлемдер компания кірісінің жартысына жуығына пропорционалды, ал қалған кірістер компанияның дамуы мен капиталдандырылуына қайта инвестицияланады. Осылайша, компания соңғы 5 жылда өндіріс көлемін 5 есеге арттырды.
Сонымен қатар, Бузачи Нефть тарихи тұрғыдан дамуға қол жетімді қаражатты инвестициялауға басымдық берді. Мәселен, 2007 жылы «АТМГГ» АҚ-мен бірлесіп, әлемде теңдесі жоқ инженерлік «ноу-хау» бойынша жобаланған «Лотос» ӨБҚ бірегей қалқымалы теңіз бұрғылау платформасы салынып, патенттелді. «Лотос» ӨБҚ көмегімен инвестиция сомасы 30 млн.долларды құрайтын 2 іздеу ұңғымасы бұрғыланды және бұрын Қазақстан балансында есептелмеген мұнай-газ кен орындарының ашылды.
Осылайша, кен орындарында жүргізілген жұмыстардың нәтижелері бойынша компания қорлардың өсуін және жаңа мұнай-газ құрылымдарының ашылуын жүргізді, бұл өз кезегінде Маңғыстау өңірінің және бүкіл елдің мұнай-газ саласының дамуына оң әсерін тигізетіні сөзсіз.
Келісімшартта бекітілген 80% - экспортқа, 20% - ішкі нарық үлесіне тиесілі бөлініс арақатынасына қарамастан, біз өндірілетін мұнайдың шамамен 50%-ын республиканың МӨЗ-на қайта өңдеу үшін ішкі нарыққа жібереміз.
- Сәуле Ерланқызы, толыққанды жауап бергеніңіз үшін алғыс айтамын! Ұңғымадағы жағдай жақын арада қауіпсіз шешіледі деп үміттенемін.
- Әлбетте, бұған сенімдімін. Осы жағдайды жақын арада шешу үшін көмек көрстіп жатқан барлық компаниялар мен мемлекеттік басқару органдарына, Энергетика Министрлігі мен Маңғыстау облысы әкіміне алғыс айтқым келеді. Жағдайдың күрделілігін ескере отырып, біздің барлық іс-әрекетіміз қауіпсіз жұмыс жүргізуге, адамдардың өмірі мен денсаулығын қамтамасыз етуге бағытталғанын атап өткен жөн.