1 қыркүйектен бастап 1-4 сынып оқушылары тегін тамақпен қамтылатын болады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Оқу-ағарту министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша биыл 1 қыркүйектен бастап аз қамтылған отбасылардан шыққан 1,5 миллионнан астам оқушы, сондай-ақ әлеуметтік мәртебесіне қарамастан, бастауыш сынып оқушылары үшін тегін тамақтандыруды ұйымдастыру жоспарланып отыр.
Республика бойынша тегін тамақтану құны орта есеппен – 577 теңге.
- Алдыңғы жылдары 1-4 сынып оқушыларын тегін тамақпен қамту 56,6% болды. Бұл Астана, Алматы және Шымкент қалаларының, Павлодар, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Ұлытау, Қызылорда және Атырау облыстарының оқушылары. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында қалған өңірлердің оқушыларын тегін тамақпен қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жүргізілді, осылайша жаңа оқу жылынан бастап 100% көрсеткішке қол жеткізілетін болады,- деп бөлісті Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің басқарма басшысы Дана Мақтаева.
Министрлік өкілдері мектептегі тамақтану сапасын арттыру мәселесін пысықтап жатқанын атап өтті.