Ақтауда полиция алаяқтыққа қатысты екі оқиғаны анықтады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ақтауда полицияға қала тұрғыны газ жүргізіп беруге көмектесуге уәде берген алаяққа қатысты арыз түсірді. Алайда күдікті өз уәдесін орындамай, 500 000 теңге көлемінде материалдық шығын келтірген.
Криминалдық полиция қызметкерлері аталған азаматты анықтап, қолға түсірді. Бұл дерек қылмыстық кодекстің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша тіркеліп, тергеу жұмыстары үшін өзге ақпараттар жария етілмей отыр.
Сонымен қатар, алаяққа алданған тағы да бір жергілікті тұрғын полицияға шағымданды. Қазан айының 28 күні сағат 15:00 шамасында Ақтау қаласында орналасқан пәтерлердің бірін 15 500 000 теңгеге сатамын деген «сатушы» жәбірленушінің 1 300 000 теңге ақшасын қолма-қол алған. Кейін уәдесінде тұрмаған күдікті пәтердің кілтін бермей, алғашқы төлемді де қайтармаған.
Ақтау қаласының полиция басқармасының криминалдық полиция қызметкерлерінің қатысуымен 35 жастағы азаматшаның жеке басы анықталып, ұсталды.
Аталған дерек бойынша Ақтау қаласы ПБ сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіміне қылмыстық кодекстің 190-бабы бойынша тіркеді. Тергеу амалдары жалғасып жатыр.
Заңғар АМАНКЕЛДІ