Бүгін, 17 қарашада 7-сайланған облыстық мәслихаттың кезектен тыс XV сессиясы өтті. Онда 2022-2024 жылдарға арналған облыстық бюджет шешіміне өзгерістер енгізу туралы баяндалды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Биыл облыстағы салықтық түсімдер 136 млрд-ты құраған.
Облыстық бюджетті нақтылау туралы Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Әлимұхаммед Құттұмұратұлы баян етті.
-2022 жылы облысқа 326 млрд теңгеден астам кіріс түсті. Бөлінген қаржы әлеуметтік маңызы бар салаларға, әлеуметтік қамсыздандыруға, жолаушылар тасымалын субсидиялау, ауыл шаруашылығы, тұрғын-үй шаруашылығы сынды салаларға жұмсалды, - деді Әлимұхаммед Құттұмұратұлы.
Сессия отырысына қатысқан облыс әкімі Нұрлан Ноғаев атқарылған ортақ жұмыстар үшін депутаттарға алғыс білдіріп, мемлекеттік орган басшыларына Маңғыстау өңірінің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты нақты тапсырмалар берді.