Мұнайлы ауданына «Каспий су тұщыту» зауытынан жіберілетін су көлемі азайған,-деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Кәсіпорын директорының орынбасары Бақыт Шапқанның айтуынша, қыс мезгілінде ауданға сағатына 400 куб су жіберіледі. Ауа-райының күрт төмендеуіне байланысты су көлемі сағатына 100 кубке азайтылған.
- Негізгі себеп - «МАЭК» ЖШС аумағында орналасқан (канал) ауыз суға арналған құбыр бөлігі қатып қалған. Бұрын Маэктен сағатына 750 куб су келсе, қазір 100 куб су келіп жатыр. Сондықтан зауыт осы суды тұщытып, аудандарға жіберудеміз,-деді Бақыт Шапқан.
«МАЭК» ЖШС хабарлауынша, диаметрі 500 мм ЖЭО-1 құбырының қатып қалған аумағын жылыту жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Айта кетейік, Мұнайлы ауданы әкімінің баспасөз қызметі аудандық коммуналдық мекеме тарапынан ауыз суға шектеу қойылмағаны хабарлады. Қазіргі таңда көпқабатты үйлерге 5 су таситын көлік тегін су жеткізуде.