Маңғыстау облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қазбек Тәшімов өңірде ауыл шаруашылығын дамыту бағытында республикалық қазынадан 800 млн.теңге қаражат бөлініп, 170 жобаны жүзеге асыру көзделгенгендігін мәлімдеді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
Спикердің айтуынша, бұл «Ауыл халқының табысын арттыру» пилоттық жобасы негізінде *әр жыл сайын іріктелген ауылдық округтерде* іске асады. Атап айтқанда Өмірзақ, Рахат, Кендірлі, Бейнеу, Боранқұл, Құрық, Сенек, Жетібай, Шетпе, Жыңғылды, Тұщықұдық, Батыр, Маңғыстау, Баянды, Қызылтөбе, Дәулет, Сайын Шапағатов, Ақшұқыр, Баутин ауылдарында жүзеге асырылмақ. Бірнеше жыл бұрын Жамбыл облысында бастау алған пилоттық жоба енді біздің өлкенің өркендеуіне өрелі үлес қоспақ. Жобаның мақсаты - ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту және әлеуетін көтеру, ауыл шаруашылығы саласын дамыту. *Маңғыстауда ауыл шаруашылығына қатысты жеке кәсіпкерлерге* – 8,6 млн. теңгеге дейін, ал кооперация иелеріне – 27,6 млн теңгеге дейін 2,5%-бен *микрокредит* берілмек. Микрокредит мерзімі 5-тен 7 жылға дейін болмақ.
-Жоба аясында 2023 жылдың соңына дейін өңірде 170 кәсіпкерлік микронесие алмақ. Жоба сәуір-мамыр айларында басталады, - дейді Қазбек Тәшімов.
*Микрокредит* алу үшін төмендегі талаптар қойылады:
1) Кепілмен қамтамасыз етудің болуы;
2) Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес салық органдарында тіркеудің болуы;
3) Бизнес-жобасының болуы.
Микрокредит алу үшін құжаттар тізбесі қажет:
1. Өтініш;
2. Жеке басты куәландыратын құжат;
3. Кредиттік тарих;
4. Субъектінің барлық мәліметтерді беруге және алуға келісімі;
5. Бизнес-жоспар;
6. Қарыз алушының уәкілетті органының микрокредит алу, мүлікті кепілге беру жөніндегі мәмілені мақұлдау туралы шешімі;
7. Ресімделген мүлікті кепілге беру жөніндегі кепіл берушілердің келісімі;
8. Қызмет көрсететін банктен шоттың бар екендігі туралы анықтама;
9. Несиелік берешектің, оның ішінде қаржы ұйымдарынан мерзімі өткен берешектің болуы туралы анықтама (кредиттер болған кезде);
10. Қарыз алушының жалақысын және/немесе өзге де кірістерін растайтын құжат (жинақтаушы зейнетақы қорының үзінді көшірмесі);
11. Бағалау туралы есеп;
12. Кепіл беруші және кепілмен қамтамасыз ету жөніндегі құжаттар.
-Микрокредит мал шаруашылығы саласында мал санын көбейтуге, егін шаруашылығында егін өнімдерін егу жобаларын іске асыруға, яғни тыңайтқыштар, тұқымдар, техникалар сатып алу алуға мүмкіндік бермек, - дейді Қазбек Тәшімов.
Сондай-ақ, жылыжай кешенін салуға және ауыл шаруашылығы техникаларын, жабдықтарын, цехтарын оның ішінде сүт және ет өнімдерін өңдейтін цехтар ашуға мүмкіндік бермек.
-Жоғарыда аталған құжаттарды жинақтап, ауыл әкімдіктері арқылы «Каспий» ӘКК ақционерлік қоғамына түпнұсқаларымен көшірмелерін тапсыру арқылы 2,5% несие алуға өтінімдер жолдай алады, дейді Қазбек Тәшімов.