Маңғыстау облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Бердібек Саралтаев былтыр өңір бойынша 1500-ден астам адам жануарлардың тістеуінен және тырнауынан зардап шеккендігін мәлімдеді. Олардың барлығына антирабиялық екпе салынды, деп хабарлады mangystaumedia.kz ҚКО-ға сілтеме жасап.
Маман сөзіне сүйенсек, індет қоздырғышы сау адамға және малға құтырған иттен, қасқырдан, түлкіден, қарсақтан, мысықтан тістеген уақытта сілекей арқылы жұғады. Аталған ауруға шалдыққанда тістеген жер ауырып, ысиды. Алқынып демалып, түрі жаңа жылаған адам сияқты болады. Аузының сілекейі қоюланады. Адамды үрей билейді, ашуланып, алас ұрады, судан қорқады, талмасы ұстап, денесі құрысып, сал болып қалады.
- Аурудың тез өршуі жарақаттың тереңдігі мен ондағы вирустың мөлшеріне тығыз байланысты. Сондықтан, жануарлардан зардап шеккен жағдайда жарақат орнын сабындап, таза сумен жуу керек. Содан кейін жарақат айналасын спиртті ерітіндісімен залалсыздандырып, медициналық мекемеге жүгініп, антирабиялық екпе алу қажет. Құтырма ауруының алдын алудың жалғыз әдісі құтыруға қарсы екпе алу болып саналады, - деді Бердібек Саралтаев.
Сондай-ақ, Маңғыстау облысы ауыл шаруашылығы басқармасы ветеринария бөлімінің басшысы Нұрсұлтан Дүйсебек төрт-түлік малды құтырмадан сақтау жолдарын айтып берді. Ауруға шалдыққан мал үйірден қалып, жұтына алмай, күйісін тоқтатып, шатқаяқтап, жүрісі бұзылатынын атап өтті.
- Құтырумен ауырған малды емдеуге немесе аурудың артын күтіп отыруға болмайды. Олай ету адамға да, малға да қауіпті. Сондықтан, ауылдық округ ветеринариялық қызметінің араласуымен ауырған малды бөлектеп, өлген малдың миын зертханалық сараптауға жолдап, өлексесін өртеп-жою жұмыстарын жүргізу керек. Дегенмен, қазіргі уақытта облыс аумағы құтырудан таза. Аталған ауруға қарсы жыл сайын профилактикалық іс-шаралар жоспарлы түрде жүргізіледі, - деді Нұрсұлтан Дүйсебек.
Бөлім басшысы 2022 жылдың күз айларында облыс бойынша барлығы 59 310 бас жануарға құтырмаға қарсы вакцина салынғанын айтты. Оның ішінде мүйізді ірі қара – 5 450 бас, ұсақ мал – 19 400 бас, жылқы – 8 250 бас, түйе - 22 980 бас, иттер – 2 900 бас және 330 мысыққа отандық препарат «Биотрон Групп» ЖШС вакцинасы қолданылған.