Қазақстандықтар 1,2 мыңға жуық қаруды ерікті түрде тапсырған, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Қазақпаратққа сілтеме жасап.
Бұл туралы Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитеті Қару айналымын бақылау басқармасының бастығы Асылбек Ыдырысов мәлімдеді.
«Биыл халықтан заңсыз сақталған қару-жарақтарды сатып алу акциясы 10 сәуірде басталды. Оны өткізуге республикалық бюджеттен 88 млн теңгеден астам қаражат бөлінді. Бүгінгі күні полицияға ерікті түрде жалпы соммасы 84 млн болатын 1 181 бірлік қару, 18 мыңнан астам оқ-дәрілер тапсырылды», - деді басқарма бастығы брифингте.
Оның сөзінше полиция департаменттері алдын ала ұсынған мәліметтерге сәйкес, Астана, Алматы, Шымкент қалаларында, Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Атырау, Қарағанды, Қостанай, Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан, Жетісу және Ұлытау облыстарында бөлінген қаражаттың игерілуіне байланысты акция тоқтатылған.
«Талдау көрсеткендей, қарудың ең көп тапсырылғаны Түркістан облысында – 187, Жамбыл облысында – 134, Қызылорда облысында – 94, Абай, Ақмола, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Қарағанды және Павлодар облыстарында – 60 бірліктен астам. Азаматтардың заңсыз сақталған қару-жарақты ерікті түрде тапсыру тәртібі Ішкі істер министрінің 2015 жылғы 27 наурыздағы № 266 бұйрығымен бекітілген қағидаға сәйкес жүргізіледі. Заңсыз сақталған қару-жарақ заттарын ерікті түрде өтемақыға тапсыруға ниет білдірген азамат, егер оның әрекеттерiнде өзге құқық бұзушылық құрамы болмаса қылмыстық және әкімшілік жауапкершіліктен босатылады», - деді Асылбек Ыдырысов.
Бұдан бөлек, басқарма бастығы өз еркімен қару тапсырғандар қанша теңгеден өтемақы алғанын атады.
«Қаруды өтемақыға тапсырғаны үшін төленетін төлемдер мөлшері олардың түріне, техникалық күй-жайына байланысты әр бірлігі үшін 34 мыңнан 345 мыңға дейінгі аралықта болады. Сыйақы көлемін әр облыстық, қалалық және аудандық полиция органдарында құрылатын комиссиялар белгілейді», - деді ол.
Мәлім етілгендей, криминалист-маманның қорытындысы негізінде атыс қаруы, оқ-дәрі немесе жарылғыш зат ретінде танылмаған, ІІМ базасында «Тіркелген қару» және «Криминалдық қару» есебінде тұрған қару-жарақтарға, қолдан жасалған, сондай-ақ тегіс ұңғылы, газды және жарақат салатын патрондарға сыйақы төленбейді.