Қызыл кітапқа енген жыртқыш құстар Қаракөл көлінде құс тұмауынан қырылған аққулардың өлексесімен қоректеніп жатыр, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Бұл көріністі ақтаулық блогер Азамат Сәрсенбаев бейнежазбаға түсірген. Ол фейсбук парақшасында жыртқыш құстардың популяциясына келетін қатерге алаңдаушылық білдірген. Сонымен қатар бейнежазбада халықаралық қызыл кітапқа енген ірі жыртқыш құстардың бірі аққұйрық бүркіт бар екенін атап өтті.
"Қазіргі уақытта Қаракөл көлінде аққулардың жоғалуы жалғасуда. Бұл үрдіс маусым соңына дейін жалғасады ма деп қорқамын", - дейді А. Сәрсенбаев.
Еске сала кетейік, 19 желтоқсан күні Қаракөлде жүзден аса аққудың өлексесі табылған болатын. Ал бүгін ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті өлі аққудан құс тұмауы анықталғанын мәлімдеді.