Ақтау қалалық білім бөлімі биылғы жаңа жылдық іс-шаралар мектеп қабырғасында, қауіпсіздік шараларын сақтай отырып ұйымдастырылатындығын мәлімдеді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz
«Жаңа жылдық шараларға аниматорларды жалдауға, салтанатты дастархан ұйымдастыруға, кафелерде атап өтуге және мұғалімдерге сыйлық алу мақсатында ақшалай қаражат жинауға тыйым салынады. Кейбір ата-аналар мұғалімге, оқушыларға сыйлық алу үшін қаржы (ақша) жинайтыны жасырын емес. Алайда бұл заңсыз екенін және мектеп әкімшілігіне кері әсер ететінін ескерткіміз келеді. Ешқандай мұғалім не тәрбиеші "маған сыйлық керек" деп айтпайды. Ондай жағдай орын алған болса, Ақтау қаласы бойынша білім бөліміне хабарлай аласыз. Сыйлық алу тақырыбын ата-аналардың өздері көтереді. Дәл сол ата-ананың біреуі осы оқиғаны әлеуметтік желіге немесе анонимді хабарлайды. Кінәлі - мұғалім, тәрбиеші боп шыға келеді. Ұстаз үшін оқушылардың оқу барысында жақсы нәтиже көрсетіп, жетістікке жетуінің өзі - үлкен сыйлық»,-делінген облыстық білім басқармасының мәлімдемесінде.
Сондай-ақ қалалық білім бөлімі ата-аналардан балаларға жаңа жылда ерекше сыйлық жасағысы келсе, отбасылық жағдайда, үйіде ұйымдастыруын сұрайды.