Ақшұқыр ауылы Бегей жеріндегі көшелерге электр желісі тартылды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz аудан әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бүгін жаңа трансформатор іске қосылып, пайдалануға берілді.
-Ауылымыздағы Бегей жері аталып кеткен көшелерде қазіргі таңда тұрғындар көптен күткен мәселелер шешімін табуда. Бұған дейін аталған көшедегі тұрғын үйлерде тұрғындарға ауадай қажетті жарық, газ болған емес. Бүгінгі күні электр желілерінің құрылысы аяқталып, жаңа трансформатор іске қосылып, пайдалануға берілді. Көше жарығының шамдары да қосылды. Сонымен қатар, бұған дейін сол учаскелерге газ желісі тартылып, тұрғындар шексіз қуанған болатын, - деді ауыл әкімі Еркебұлан Жәнібек.
Ақшұқыр ауылында уақытша желілерді жаңарту және мүлдем тоқпен қамтылмаған аймақтарға жаңа желілер тарту үшін жоба жасақталған. Былтыр қаржыландыру көздеріне қарай құрылыс жұмыстары басталды.
Аталған жұмысты «Айком ЛТД» мекемесі жүргізуде. Жаңа желілер іске қосылғанда ауыл электр қуатынан қысым көрмейді. Өйткені қазіргі таңда бұрыннан бар электр желілерінің жүктемесі шамадан тыс. Осыған байланысты қуаты азаятындықтан, тұрғындарға ыңғайсыздықтар тудыруда.
Бұған қоса жаңадан салынған тұрғын үй иелері электр желілерін өз беттерімен тартқандықтан, техникалық талаптарға сай емес болатын. Аталған мәселе шешімін тауып, тұрғындар сапалы тоқпен қамтамасыз етілетін болады.
Жоба аясында I, II, III, IV, V кварталдардың, Ақжол, Бекжанов, Кезбаев, Үштерек көшелерінің және Бегей жері көшелерінің тұрғын үй құрылысы үшін бөлінген учаскелері электр желісімен қамтылады.
Сонымен қатар, жобада жаңа трансформаторлар және жарық диодты көше шамдарын орнату қарастырылған. Бүгінгі күні сол жобадағы құрылысы аяқталған желілер пайдалануға берілуде.
Айта кетейік, жаңа жыл қарсаңында Бегей жеріндегі 40 тұрғын үйге газ құбыры тартылып, іске қосылған болатын.