Ақтауда өткен спорт апталығының нүктесі «Naiza» және «Eagle FC» лигалары спортшыларының аралас жекпе-жектен сынға түсуімен мәресіне жетті, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz. Маңғыстау облыстық Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
Теңіз жағасында, ашық аспан астында өткен турнирге аптап ыстыққа қарамастан 15 мыңнан астам көрермен жиналды.
Турнирде әлемнің жеті елінен 32 спортшы қатысып, 16 кездесу өткізді. 13 кездесу рейтинг үшін болса, екі кездесу «Naiza» және «Eagle FC» лигаларының уақытша белдігі үшін ал бір кездесуде ресейлік жауынгер өз белдігін бәйгеге тігіп күресті.
- Теңіз жағалауындағы аралас жекпе-жек турниріне 15 мыңнан астам көрермен жиналды. Турнир болатыны хабарланып билеттер сатылымға шыққан бойдан 500 билет үш сағаттың ішінде сатылып кетті. Сол себепті тағы 200 орынға арналған билетті сатылымға шығаруымызға тура келді. Ол да екі сағаттың ішінде толықтай сатылып үлгерді. Бұл жастардың осы спорт түріне деген үлкен қызығушылығын білдіреді. Ұйымдастырушылар мен қонақтарға, спортшыларға алғысым шексіз, - деді «Naiza» лигасының президенті Нұрбек Қарабала.
«Naiza» және «Eagle FC» турнирнің басты кездесуі 83,9 келідегі ресейлік Гамзат Хирамагомедов пен Дәурен Ермековтың арасында өтті. Олар «Eagle FC» белдігі үшін таласты. Нәтижесінде қазақстандық спортшы 2 раундта жеңіске жетті.
- Бұл жекпе-жекке мен ұзақ дайындалдым. Турнир өз елімде, жанкүйлерімнің ортасында болғандықтан үлкен жауапкершілік сезіндім және өзіме қалайда жеңіске жетуге уәде бердім. Сол уәдемді орындадым. Мен Гамзат Хирамагомедовпен 2015 жылы алаңда белдескенімде, менен физикалық тұрғыда мықты және техникалық әдістері жақсы болды. Қазір жіберген есемді қайтардым, деді Дәурен Ермеков.
«DAR» компаниялар тобының қолдауымен өткізілген турнирдің негізгі мақсаты - Маңғыстау өңірінің туристік потенциалын арттыру, Ақтау қаласы жастарының спортқа деген қызығушылығын ояту.
«Naiza» турнирінде жеңіске жеткен спортшылар:
Ең жеңіл салмақта: Болат Заманбеков (56,7 келіде) пен Руслан Сариев (60 келіде)
Жартылай жеңіл салмақта: Мейірбек Түлегенов (61,2 келіде), Магомед Аль Абдула (61,2 келі), Ренат Хавалов (61,2 келі)
Жеңіл салмақта: Бақтияр Оразғалиев (65,8 келі)
Жартылай орта салмақта: Дуглас де Рибейро (77,1 келі), Рамазан Гасанов (80 келі)
Орта салмақта: Джозеф Хенли (83,9 келі), Сергей Калинин (83,9 келі), Шамиль Магомедов (83,9 келі), Руслан Шамилов (83,9 келі), Дәурен Ермеков (83,9 келі)
Жартылай ауыр салмақта: Алан Макитов (93+ келі), Магомед Гаджиясулов (95 келі)
Ауыр салмақта: Константин Андрейцев (105 келі)