Ақтауда 1 мамыр күніне орай мото-велотрек жолы ашылып, өңірдің байкерлері мен велосипедшілері өнер көрсетті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz
«Маңғыстау облысының авто-мото спорт федерациясы» ҚБ ұйымдастыруымен өткен шараға қырықтан аса спортшы қатысты. Олардың ішінде тәжірибелі кәсіпқойлар да, қызығып енді бастап жүрген әуесқойлар да бар. Шараны Маңғыстау облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысы Қанат Жұмабаев ашып берді.
«Міне бүгін өңірімізде алғаш рет мототрек жолы ашылды. Бұл осы спорттың дамуына тың серпін береді деп ойлаймыз. Мототрек - облысымызда енді дамып келе жатқан спорт түрі. Сондықтан біз бұл салаға қащан да қолдау білдіреміз. Алда Қазақстан чемпионатын облысымызда өткізуді де ойлап отырмыз.» - деді басқарма басшысы.
Жаңа жолдың бір айналымы екі шақырымды құрайды. Сонымен қатар, республикалық, халықаралық стандартқа сай жасалған.
«Мототрек жолының Ақтауда ашылғанына қуаныштымын. Өтіп жатқан шара да тамаша. Бұрын мотоциклді көбінесе қаланың ішіне, асфальтқа айдайтынбыз. Енді қаламызда арнайы дайындалған, ыңғайлы жол ашылды. Өзім – әуесқой қатысушымын. Сондықтан бізге жаттығу жасауға да, күнде келіп жақсы уақыт өткізуге де осындай жер керек еді. Жолдың сапасы да ұнады. Келешекте бұдан да жақсырақ болады деп ойлаймын», - деді шараға қатысушы Шаттық Калышев.