Маңғыстауда жалпыреспубликалық «Халық заңгері» акциясы өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Өңірдегі үздік заңгерлер мен адвокаттар, мемлекеттік орган басшылары халыққа заң, құқық және мәселелі сұрақтар бойынша кеңес беріп, көмек көрсетті. Құқықтық көмекке жүгінген жүздеген адам тегін кеңес алды.
Шараға қатысқан тұрғындарға білім, еңбек, денсаулық, жер, жол, салық, экология салаларының мамандары және полиция, әділет органдарының өкілдері кеңес берді.
Акцияны ұйымдастырушылар ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі, zakon.kz желілік басылымы, «Параграф» ақпараттық жүйесі, мемлекеттік билік органдары және үздік заңгерлер мен адвокаттар. Шараның мақсаты - халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру және тегін заң жөнінен көмек көрсету.
«Бүгін бүкіл Қазақстан бойынша халыққа тегін құқықтық көмек көрсетілді. Мұндағы мақсат – тұрғындардың құқықтық деңгейін көтеру. Маңғыстаулықтар шараға белсенді қатысты,» дейді ұйымдастырушылар.
Бір шараға топтастырылған түрлі сала мамандарынан кеңес алған тұрғындар шараның зор пайдасы бар деп есептейді. Өйткені, бір уақытта бірнеше маманнан кеңес алып үлгерген келушілер болды.
Айта кетейік, акция форматы жағынан Қазақстанда ғана емес, сондай-ақ ауқымы мен географиясы бойынша әлемде баламасы аз іс-шара саналады.