Петиция 10 тамызда Alash online интернет сайтында жарияланды. Петицияға «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-дағы қызмет деңгейі, лас, ескі, әрі сұмдық күйдегі вагондар, адам өлімімен аяқталған апаттар, пойыздардың бірнеше рет рельстен шығып кетуі, билеттердің жасанды тапшылығы, жемқорлық жайлаған станциялар себеп болды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
«Бұған кім жауапты?» деген сұрақ үнемі жауапсыз қалады. Бірақ бұл іске депутаттар кіріскен сияқты еді. Ойланып көрейікші, 30 жыл бойы еліміздің бұл стратегиялық нысанының игерілмей отырғанына осындай жағдайда кім кінәлі болуы мүмкін? Әрине, бірінші кезекте оны басқарып отырған басшылар кінәлі. Сондықтан мемлекетті кінәлау әділетсіздік, осы жауапсыз қызметкерлерді тазарту керек. Сондықтан «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Нұрлан Сауранбаевтың қызметінен кеткені жөн. Бұл адам президент сенімін ақтаған жоқ және ҚТЖ-ны күйреткен сыбайлас жемқорлықпен күресуді де білмейді. Керісінше, біздің отандық өнімнен бірнеше есе қымбат тұратын құрал-жабдықтар мен көліктерді шетелден сатып алып, миллиардтаған доллар жұмсаған», - делінген петицияда.
Петиция бастамашылары ҚТЖ басшысымен бірлесе отырып, барлық деңгейдегі жемқор басшыларды ауыстырып, олардың орнына лайықтырақ мамандарды алу қажеттігін атап өтеді.
«Сыбайлас жемқорлық өркендеп тұрған сәтте теміржол саласы дамымайды. Оның ел экономикасындағы рөлін айтпасақ та белгілі. Бензин, азық-түлік, киім-кешек, тұрмыстық заттар, металдар сияқты көптеген тауардың бағасы осы салаға тікелей байланысты. Ал жолаушылар тасымалы бүгінде өте нашар деңгейде. Осы көптеген мәселелерге депутаттардың назарын аударғымыз келеді. Мүмкін олар осы мәселені қолға алып, ҚТЖ басшысының отставкаға кетуін талап ететін шығар», - деп атап өтті қазақстандықтар өздерінің петициясында.
Айта кетейік, бүгінгі күні петицияға 102 адам қол қойған.