Бүгін ҚР Президенттігіне кандидат Жигули Дайрабаевтың сенімді өкілі, «Ауыл» партиясы төрағасының орынбасары Қайрат Айтуғанов Қостанай облысына барды. Ол жергілікті халықты кандидаттың сайлауалды бағдарламасымен таныстырып, «Ауыл» партиясының Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешені мен ауылдық елді мекендерін дамыту мәселелеріне қатысты басты ұстанымдары туралы баяндады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz
Үміткердің сенімді өкілі Қайрат Айтуғанов Қостанай ауданының Заречный кентіндегі «Тарра» шаруа қожалығы қызметкерлерімен кездесті. Шаруашылық басшысы Владимир Семейкин «Тэрра» тауарлық және тұқымдық картоп, қырыққабат, сәбіз, қызылша, пияз сынды көкөністер өндірумен айналысатынын айтты. Көкөністерді өндірудің тұқым отырғызудан бастап дайын өнімді сатуға дейінгі барлық үдерісі механикаландырылған, автоматтандырылған, мамандар бақылауымен жүзеге асырылады және жаңа технологиялардың барлық талабына сай келеді.
Бұдан кейін Қайрат Айтуғанов облыс шаруаларымен кездесті. Кездесуде ол ауыл шаруашылығын дамытудың жаңа мемлекеттік аграрлық саясатын әзірлеу қажеттілігіне тоқталды. Бұның агроөнеркәсіптік кешенді және ҚР ауылдық аумақтарын дамытудың 2070 жылға дейінгі ұзақ мерзімді ұлттық стратегиясын әзірлеу және қабылдау арқылы іске асарына, төрт негізгі бағытты қамтуы тиіс екеніне назар аударды.
«АӨК – ті дамытудың Ұлттық стратегиясына бірінші кезекте ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің сервистік-тұтыну кооперациясын ынталандыру негізінде ауыл шаруашылығы өндірістік инфрақұрылымын құру, екінші кезекте, түпкілікті нәтижеге бағытталған субсидиялау жүйесінен бастап ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдау жүйесін реформалау қажет. Үшінші, фермерлерді салықтың барлық түрінен және ең бастысы, бүкіл тізбек бойынша ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру, қайта өңдеу, азық-түлік тауарларын сату, экспорт пен импорт тәрізді азық - түлік тауарлары айналымына қосылған құн салығынан босату керек. Төртінші бағыт - ауылдық елді мекендердің әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымдарын – жолмен, сумен, электрмен жабдықтау, газдандыру, интернет, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт нысандары және т. б. жаңғырту қажет», - деді сенімді өкіл.
Кездесу аяғында Қайрат Айтуғанов фермерлермен пікірлесіп, кандидат Жигули Дайрабаевтың сайлауалды бағдарламасы туралы сұрақтарына жауап берді.