Бүгін еліміз бойынша қаңтар айындағы ҰБТ басталып, оған 125 мыңға жуық өтініш түскен, деп хабарлайды mangystaumedia.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Қаңтардағы ҰБТ-ға жоғары оқу орындарына шартты түрде қабылданған студенттер, шығармашылық дайындықты талап ететін БББТ-дан басқа білім беру бағдарламалары тобына ауысуға ниет білдірген ЖОО білім алушылары, ақылы негізде «Педагогикалық ғылымдар» білім саласына ауысуға ниет білдірушілер, сондай-ақ қалауы бойынша ЖОО ақылы негізде оқуға қабылданғысы келетін мектеп түлектері қатысады.
Тіркелу кезінде тест тапсырушылар емтихан орнын, күнін және уақытын өздері таңдайды.Айта кету керек, 2023 жылғы ҰБТ-да тестілеу форматы өзгеріссіз қалды. Қазақстан тарихы бойынша тестілеуге қатысушылар 20 тапсырманы, оқу сауаттылығы – 15, математикалық сауаттылық – 15 және екі бейіндік пән бойынша 35 тапсырманы орындайды. Барлығы – 120 сұрақты қамтиды.
Сондай-ақ, ерекше білім беру қажеттілігі бар балалар үшін қосымша 40 минуттық уақыт сақталады. Сонымен қатар дистракторлар саны азайды (жауап нұсқалары). Бір дұрыс жауабы бар тест тапсырмаларында нұсқалар саны бестен төртке дейін, бір немесе бірнеше дұрыс жауаптары бар тест тапсырмаларында (үш дұрыс жауаптан көп емес) сегізден алтыға дейін азайтылды.