© Источник: ИА Zakon.kz
Бүгін қазақтың біртуар тұлғасы, көсемі Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың туғанына 111 жыл толып отыр, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Дінмұхамед Ахметұлы (1912-1993) - аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, үш мәрте Социалистік Еңбек Ері, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі, техника ғылымының докторы, КСРО, шет ел ордеңдері мен медальдерінің иегері. Ол отыз жылдан астам уақыт ел басқарды.
Д.А.Қонаев 1912 жылы қаңтардың 12-де Алматы қаласында туды. Еңбек жолын 1936 жылы Мәскеудегі алтын және түсті металдар институтын бітіргеннен кейін Қоңырат кенішінде бастады. Ол дипломын Қоңырат карьерінің қуаттылығын 90 мың тонна қара мыс беруге жеткізу жөнінде жазып, оны үздік бағамен қорғап шығады. Өзі жұмыс істеген үш жылда бұрғылау станогінің жұмыскерлігінен бастап цех бастығы, рудниктің техника бөлімінің меңгерушісі, бас инженері, директоры болып қызмет атқарды. Димаш Ахметұлының бұрғылау станогі ескерткіш ретінде Қоңыраттың кіре берісінде мәңгілік сақталуда.
Аз уақытта іскер басшы, зор талап иесі болып көрінген Д.Қонаевты Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық Комитеті 1939 жылы Ридер кен басқармасының директорлығына ұсынды. Өйткені Ридер полиметаллкомбинатының жұмысы, әсіресе шикізат кеніштері ақсап қалған еді. Бұл ұсыныс кенді Алтайдың экономикасын жедел көтеруге жасалған шара болатын. Сонымен Орталық Комитет жас коммунист Қонаевқа зор сенім білдірді, ауыр міндет жүктеді.
Ұлы Отан соғысы жылдарында ол өндіріс жұмысын жоғары дәрежеде ұйымдастырушылардың қатарында ғана қалған жоқ, 1942-52 жылдары Қазақ КСР Халық Комиссарлар Кеңесінің орынбасары болды. Одан кейін 3 жыл Ғылым Академиясының Президенті болып қызмет атқарды. Республика Халық Комиссарлар Кеңесінің төрағасы болып екі кезең-1955-60 жылдары және 1962-64 жылдары жұмыс істеді. Онан кейін Д.Қонаев республика партия ұйымын 1986 жылы зейнеткерлік демалысқа шыққанға дейін ширек ғасырға жуық уақыт басқарды.
Ол үш мәрте Социалистік Еңбек Ері атағын алып, сегіз рет Ленин орденінің және басқа да еліміз бен шет мемлекеттердің ордеңдері мен медальдарының иегері болды