«100 жаңа есім» жобасының IV маусымы қатысушыларына жалпыхалықтық дауыс беру 25 наурызда басталды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Еске сала кетсек, қатысушылардың өтінімдерін қабылдау 22 ақпан мен 22 наурыз аралығында жүзеге асырылды. Осы уақыт аралығында Қазақстанның барлық өңірлерінен 7 номинация бойынша 2 790 өтінім келіп түсті. Сауалнамалар мәдениет және спорт, білім және қоғам номинациялары бойынша көптеп келді. Сондай – ақ, биыл жаңа «Экология» номинациясы қатарға қосылды.
Қазақстандықтар 2021 жылғы 25 мен 31 наурыз аралығында өз кандидаттарына дауыс бере алады.
Дауыс беруші 100janaesim.ruh.kz сайтындағы қатысушының парақшасына өтіп, фотосуреттің астындағы «дауыс беру» түймесін басу қажет. Дауыс беруді таңдаумен терезе ашылады, мұны екі жолмен жасауға болады: әлеуметтік желілер немесе электрондық пошта арқылы.
Электрондық поштаны таңдағанда, поштаға дауыс беру парағына енгізу керек код келеді. Әлеуметтік желілер арқылы дауыс беруді таңдаған кезде авторизациядан өтіп, содан кейін дауыс беру керек.
Бір IP-мекенжайдан әр номинациядағы бір адамға ғана дауыс беруге болады. Қатысушының дауыстары жоғарғы оң жақтағы сауалнамада көрсетіледі. Құқық бұзушылықтар не өзге де бұрмалаушылықтар, оның ішінде онлайн-дауыс беру кезінде дауыстарды бұрмалау анықталған жағдайда, ұйымдастырушылар қатысушыны жобадан шығару құқығын өзіне қалдырады.
Дауыс беру кезінде ең көп балл жинаған және беделді қазылар алқасы іріктеген қатысушылар жобаның жеңімпаздары болып атанады. Биылғы жылы қазылар алқасының мүшелері арасында өткен жылдардағы жобаның жеңімпаздары да бар.
«Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасы – Тәуелсіздік жылдарында табысқа қол жеткізген әр түрлі өңірлерден, әр түрлі жастағы және әр этнос өкілдерінен шыққан нақты адамдардың тарихы. 2017 жылы бұл жобаның бастамашысы Елбасы Н.Назарбаев болды.