Коронавирус жұқтырған дәрігерге 2 миллион теңге мөлшерінде сақтандыру төлемі беріледі. Бұл туралы «Хабар 24» телеарнасының тікелей эфирінен ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев айтты.
«Медицина қызметкерлерінің денсаулығы мен өмірін сақтандыру мәселесі де пысықталды. Олар ауырып қалған жағдайда 2 миллион теңге мөлшерінде сақтандыру төлемі беріледі. Құдай сақтасын, бірақ егер медициналық қызметкер қайтыс болған жағдайда 10 миллион теңге мөлшерінде төлемақы беріледі. Бұл жаңалық тек дәрігерлердің ғана емес, барша қазақстандықтардың рухын көтеріп, көңілін серпілтеді деп ойлаймыз», - деді Дәурен Абаев.
Сонымен қатар министр қазір күрделі де қиын уақыт екендігін баса айтты.
«Бірақ, бұл қиындықтан қашу, еңсені түсіру дегенді білдірмейді. Елімізде күн сайын жүздеген волонтерлер, меценаттар қайырымдылық жасауда. Өнер адамдары онлайн-концерт беруде. Одан басқа да мейірімділік мысалдары көп. Осының барлығы рухымыздың мықтылығын дәлелдейді», - деді ол.
Оның атап өттуінше, бұл шараға бизнес өкілдері де атсалысуда. Мысалы, «Кар-Тел», «Кселл», «Мобайл Телеком-Сервис» компаниялары коронавируспен күресіп жатқан барлық дәрігерлерді тегін ұялы байланыспен қамтамасыз етті.
«Төтенше жағдай кезінде елімізде 20 мыңнан астам медицина қызметкерлеріне тегін байланыс және интернет пакеті берілді», -деді министр.