2024 жылғы 1 қаңтардан бастап декларацияны заңды тұлғалардың басшылары мен құрылтайшылары, дара кәсіпкерлер, сондай-ақ олардың жұбайлары тапсыруы тиіс, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Мемлекеттік кірістер комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бұл талап әрекетсіз және қызметін тоқтатқан тұлғаларға да қолданылады.
Азаматтық кодекстің нормаларына сәйкес филиалдар мен өкілдіктер заңды тұлғалар болып табылмайтындықтан, 2024 жылы филиалдар мен өкілдіктердің басшыларында декларацияны ұсыну бойынша міндеттеме туындамайды (АК 43-бабының 3-тармағы).
Сондай-ақ, 2024 жылы активтер мен міндеттемелер туралы декларацияны жеке практикамен айналысатын адамдар ұсынбайды.
Декларацияда қандай мәліметтерді көрсету қажет?
Жалпыға бірдей декларациялау жүйесі барлық азаматтардың активтері мен міндеттемелері туралы декларация беруінен тұрады. Онда жеке тұлғаның барлық мынадай шетелдік активтері, жылжымалы, жылжымайтын мүлкі көрсетіледі:
• шетелдегі жылжымайтын мүлік және көлік;
• шетелдік банктегі 3,5 млн теңгеден жоғары (1 000 АЕК) ақша;
• шетелдік компаниядағы қатысу үлесі;
• бағалы қағаздар, цифрлық активтер (биткоиндер және т. б.);
• үлестік қатысу шарты (тұрғын ғимараттағы үлесі);
• инвестициялық алтын (құйма алтын);
• зияткерлік меншік және авторлық құқық объектілері;
• 34,5 млн. теңге (10 000 АЕК ) шегінде қолма-қол ақша;
• басқа тұлғалармен нотариалды куәландырылған қарыз шарттары.
• құны 3,5 млн. теңгеден асатын басқа да мүлік (қалауы бойынша) (мәдени құндылықтар, зергерлік бұйымдар, асыл тұқымды жануарлар және т. б.) – бағалауды 31.12.2023 жылғы жағдай бойынша декларацияны тапсыру мерзіміне дейін (2024 жылғы 15 қыркүйектен кешіктірмей) жасау қажет.
Кейін жыл сайын кірістер мен мүлік туралы декларация (270.00-нысан) ұсынылады, онда күнтізбелік жыл ішінде алынған кірістер, Қазақстанда және шетелде мүлікті сатып алу не иеліктен шығару туралы мәліметтер, сондай-ақ оларды иемденуге жұмсалған шығыстарды жабудың көздері көрсетіледі.
Осылайша, кірістер мен мүлік туралы декларацияда мыналар көрсетіледі:
• кірістер (жалға беруден, жылжымайтын мүлікті, көлікті, бағалы қағаздарды сатудан, шетелден кірістер және т. б.)
• салық шегерімдері (медициналық қызмет шығындары. қызметтер, білім беру, ипотека бойынша төлемдер, көп балалы отбасылар үшін шегерім)
• өтеусіз алынған мүлікті (жылжымайтын мүлік, көлік, бағалы қағаздар, цифрлық активтер және т. б.) қоса алғанда, мүлікті сатып алу/иеліктен шығару
• қымбат мүлікті сатып алу көздері
• бағалы қағаздар, цифрлық активтер (биткоиндер және т. б.)
• үлестік қатысу шарты (тұрғын үй ғимаратындағы үлесі)
• инвестициялық алтын (құйма алтын)
• жеке тұлғалардың нотариалды куәландырылған қарыз шарттары
• шетелдік компаниядағы қатысу үлесі
• шетелдегі жылжымайтын мүлік және көлік
• шетелдік банктегі 7,3 мың АҚШ долларынан (1 000 АЕК) асатын ақша
Декларацияны ұсыну тәсілдері мен мерзімі?
Декларацияны 2024 жылғы 15 қыркүйекке дейін тұрғылықты жері бойынша тапсыру қажет.
Декларацияны «Салық төлеуші кабинеті», «Электрондық үкімет» веб-порталдары, «e-salyqАzamat», Halyk, Bank CenterCredit мобильді қосымшалары арқылы ұсынуға болады. Сондай-ақ азаматтар декларацияны қағаз нұсқада пошта арқылы немесе өздері барып ұсынуға құқылы.
Декларацияны тапсыруға қалай дайындалуға болады?
Шетелдегі және Қазақстандағы активтерді барынша дұрыс декларациялау қажет. Кейіннен активтер құны салық салынатын кірісті айқындау кезінде ескерілетін болады.
Сондықтан декларацияны толтыру алдында:
1) тиісті растайтын құжаттарды дайындауды;
2) 31.12.2023 жылға дейін ақшалай қаражатты (34,5 млн теңгеден астам) банктік шоттарда салуды;
3) бастапқы декларация берілген күнге дейін 2023 жылғы 31 желтоқсандағы жағдай бойынша борыштар мен талаптарды нотариалды куәландыруды;
4) декларация берілген сәтке дейін 2023 жылғы 31 желтоқсандағы жағдай бойынша бірлігінің құны 3,5 млн теңгеден асатын мүлікті бағалауды;
5) Қазақстанда активтер мен міндеттемелердің бар-жоғын:
бағалы қағаздар бойынша: https://portal.kacd.kz;
тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарттар бойынша: https://homeportal.kz; https://www.gov.kz/services/3910?lang=ru;
зияткерлік меншік, авторлық құқық объектілері бойынша: https://gosreestr.kazpatent.kz;
сенімгерлік басқаруға берілген мүлік бойынша: https://egov.kz/cms/ru/services/pass077_mu сайттарда тексеруді ұсынамыз;
Дебиторлық/кредиторлық берешектің (қарыз шартының) болуы бойынша сұрау салуды Doculite жүйесі арқылы Республикалық нотариаттық палатаға жолдау қажет.
Жеке тұлғаның берешегін декларациялау
Активтер мен міндеттемелер туралы «кіру» декларациясын толтыру кезіндегі шарттардың бірі 2023 жылғы 31 желтоқсандағы жағдай бойынша борыштар мен талаптарды көрсету болып табылады.
Яғни, азаматтар декларацияда басқа жеке немесе заңды тұлғалар алдындағы қарыздарын көрсетуі керек. Сондай-ақ, басқа тұлғалардың осы жеке тұлғаға қайтаруы тиіс қарыздары көрсетіледі.
Салық кодексінің нормаларына сәйкес қарыз шарттары нотариалды куәландырылуға тиіс (СК 631-бабының 2-тармағы).
Шарттардың нотариалды куәландырылуы жеке тұлғаның борышы мен міндеттемелерінің мөлшерін дұрыс көрсетуді қамтамасыз етеді.
Шарттарды куәландыру тәртібі «Нотариат туралы» ҚРЗ 8-тарауымен регламенттеледі, нотариаттық іс-әрекеттерді жасау мерзімдері 40-бапта айқындалған (барлық қажетті құжаттар ұсынылған және мемлекеттік баж төленген күні).
Осылайша, шарттар мен өзге де құжаттар бастапқы декларация берілген сәтке дейін (ұсыну мерзімі 2024 жылғы 15 қыркүйекке дейін) нотариалды куәландырылуы тиіс. Республикалық нотариаттық палата 2024 жылғы 15 қыркүйекке дейінгі кезеңде көрсетілген шарттарды (2023 жылғы 31 желтоқсанға дейін жасалған) куәландыру бойынша жеке тұлғалардың құқығын растады.
Қарыздар мен міндеттемелерді бастапқы декларацияда ғана көрсетуге қажет екенін назарға саламыз, тиісті салық есептілігіне өзгерістер мен толықтырулар енгізуге жол берілмейді (СК 211-бабы 5-тармағының 7) тармақшасы).
Банктік қарыз шарттары декларацияда көрсетілуге жатпайды.
Сонымен қатар, заңды тұлғалармен (микроқаржы ұйымдарын қоса алғанда) жасалған қалған шарттар декларацияда көрсетілуге жатады.
Қарыз шарттарын куәландыру тәртібіне байланысты туындайтын барлық мәселелер бойынша консультация алу үшін өңірлік нотариаттық палаталарға жүгіну қажет (нотариаттық палаталардың мекенжайлары www.notariat.kz сайтында орналастырылған).
Қолма-қол ақшаны декларациялау
Жалпыға бірдей декларациялау азаматтарға кірістерінің мөлшеріне қарай әділ салық салуды қамтамасыз етуі тиіс. Салық төлеуден жалтарған адамдарды анықтау көлеңкелі экономика деңгейін төмендетуге мүмкіндік береді.
Көлеңкелі айналымдарды қысқартудың тиімді әдістерінің бірі азаматтарымыздың өмірінің ажырамас бөлігіне айналған қолма-қол ақшасыз төлемдерге көшу болып табылады.
Қазақстанда 9 айдың қорытындысы бойынша қолма - қол ақшасыз төлемдердің үлесі 86% - ға дейін өсті (өткен жылы-82%), бұл Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының деректері.
Ересектерден басқа, 6 жастан асқан балалар да қолма-қол ақшасыз төлемдерді белсенді пайдаланады, ата-аналардың 41,4% - ы балаларына карта ресімдеген (Kursiv Research әлеуметтанулық зерттеулер орталығының деректері).
Азаматтардың банктік салымдарының сақталуын 19 банк қатысатын салымдарға кепілдік берудің мемлекеттік жүйесі қамтамасыз етеді. 20 млн теңге мөлшерінде депозиттерді қайтаруға мемлекет кепілдік береді.
Ақшаны депозиттерге орналастыру олардың сақталуына ғана емес, инфляциядан қорғауға да кепілдік береді.
Осыған байланысты банктердегі жеке тұлғалардың депозиттерінің саны 16,9 млн-нан 19,8 млн-ға дейін ұлғайды, жылдық өсім 14,3% құрады, депозиттердің жалпы көлемі 18,6 трлн теңгені құрайды. (Қазақстандық салымдарға кепілдік беру қорының деректері).
Елдегі айналымда қолма-қол ақшаның болмашы көлемін ескере отырып, декларациялау кезінде әрбір азамат 34,5 млн теңгеден (10 000 АЕК) аспайтын сомада қолма-қол ақшаны көрсете алады. Өзге ақшалай қаражаттың болуын екінші деңгейдегі банктер растайды.
Салық кодексінде банктердің салық органдарына салық төлеушілердің банктік шоттары туралы мәліметтерді ұсыну міндеті көзделген (Салық кодексінің 26-бабы).
Бұл талап Конституцияның нормаларына қайшы келмейді, себебі бұл құқықты шектеуге заңда тікелей белгіленген жағдайларда және тәртіппен жол беріледі (Конституцияның 18-бабының 2-тармағы).
Осыған байланысты, «Банктер және банк қызметі туралы» Заңның (50-бап) және Салық кодексінің (30-бап) нормалары салық салу мақсаттары үшін банк құпиясын ашуды көздейді.
Шетелдегі және Қазақстандағы активтерді барынша дұрыс декларациялау қажет екендігіне назар аударамыз. Кейін активтердің құны салық салынатын кірісті айқындау кезінде ескерілетін болады.
Басқа да мүлік пен сыйлықтарды декларациялау
Азаматтар активтер мен міндеттемелер туралы декларацияда қалауы бойынша құны бірлігіне 3,5 млн.теңгеден (1 000 АЕК) асатын бағалы мүлікті көрсете алады.
Мұндай мүлікке Қазақстан Республикасында да, шетелде де бар кез келген қымбат мүлік, мысалы, мәдени құндылықтар, зергерлік бұйымдар, асыл тұқымды жануарлар және басқа да бағалы мүлік, сондай-ақ аяқталмаған құрылыс объектілері жатады.
Көрсетілген мүлік 2023 жылғы 31 желтоқсандағы жағдай бойынша бағалау құны болған кезде декларацияланады. Бұл ретте бағалауды декларация табыс етілген сәтке дейін (2024 жылғы 15 қыркүйектен кешіктірмей) жасау қажет.
Бағалы сыйлықтар, егер олар мынадай түрде алынса, декларацияланады: шетелде тіркелген жылжымайтын мүлік және көлік, шетелдік компаниядағы үлестер. Бұл ретте Қазақстанда тіркелген пәтер, көлік, заңды тұлғаның жарғылық капиталындағы қатысу үлестерін көрсетудің қажеті жоқ;
34,5 млн. теңге (10 000 АЕК) шегінде қолма-қол ақша сомасы;
тұрғын үй құрылысындағы үлес, бағалы қағаздар, цифрлық активтер, инвестициялық алтын.
басқа да мүлік - егер мұндай сыйлықтың бірлігі үшін құны 3,5 млн.теңгеден (1000 АЕК) асатын болса, қалауы бойынша көрсетіледі. Мұндай бағалауды тәуелсіз бағалаушы 2023 жылғы 31 желтоқсандағы жағдай бойынша жүргізуі тиіс.
Жануарлар мен құстарды декларациялау
Активтер мен міндеттемелер туралы декларацияда азаматтар құны бірлігіне 3,5 млн.теңгеден (1000 АЕК) асатын асыл тұқымды жануарлар мен құстарды өз қалауы бойынша декларациялай алады. Мысалы, асыл тұқымды жылқы, экзотикалық жануар немесе құс.
Өз қажеттіліктерінде өсіретін немесе пайдаланатын жануарлар мен құстарды декларациялаудың қажеті жоқ. Ауыл шаруашылығы және үй жануарлары бойынша мәліметтерді мемлекеттік кірістер органдары уәкілетті органдардан алады.
Салық органдары шетелдік көздерден түсетін кірістер туралы қалай біледі?
Қаржы министрлігі 2021 жылдан бастап шетелдік банктердегі шоттарға түскен қазақстандық азаматтардың кірістері туралы мәліметтер алады. Бұл мәліметтер Салық істері жөніндегі өзара әкімшілік көмек туралы конвенция шеңберінде (Страсбург, 1988 жылғы 25 қаңтар) қаржы шоттары туралы ақпаратты автоматты түрде алмасу туралы құзыретті органдардың көпжақты келісіміне (бұдан әрі – CRS) сәйкес келіп түседі.
Жыл сайын 80 елден ақпарат келіп түседі, негізгі елдер - БАӘ, Ұлыбритания, Түркия, Франция және басқалар.
Келіп түскен мәліметтер жеке табыс салығы бойынша салық міндеттемелерін айқындау мақсатында ғана салықтық әкімшілендіру үшін пайдаланылады.
Декларацияны түзету
Азаматтар кез келген қате немесе анық емес көрсетілген мәліметтерді Салық кодексінде көзделген талап қою мерзімі шегінде қосымша декларация беру арқылы дербес жоюға құқылы.
Жеке тұлғалардың кірістерінесалықтық бақылау қалай жүргізіледі?
Бастапқыда автоматты камералдық бақылау – жеке тұлғалардың шығыстарына мониторинг келесідей жүргізіледі:
декларацияның болуы/болмауы тексеріледі;
декларацияда кірістер мен мүлікті көрсетпеу және кірістерді төмендету фактісі анықталады.
Одан кейін камералдық бақылау қорытындылары бойынша бұзушылықтарды жоймаған азаматтарға қатысты салықтық тексеру жүргізіледі.
Ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және деректердің таралып кетуіне жол бермеу үшін қандай кепілдіктер бар?
Мемлекеттік кірістер комитетінің ақпараттық жүйелері интернетке шықпай-ақ жабық контурда жұмыс істейді. Бұл салық төлеушілерден алынған барлық мәліметтердің сақталуын қамтамасыз етеді.
Мемлекеттік техникалық қызмет тоқсан сайын мемлекеттік кірістер комитеті жүйелерінің ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мониторингін жүргізеді.
Сонымен қатар, декларацияларға әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікті қоса алғанда, дербес жауап беретін қызметкерлердің шектеулі тобы қол жеткізе алады.
Жеке тұлғалардың әкімшілік жауапкершілігі
Декларацияны бірінші рет ұсынбағаны үшін ескерту, бір жыл ішінде қайталап бұзғаны үшін – 51 750 теңге (15 АЕК) мөлшерінде айыппұл қарастырылған.
Декларацияда толық емес, анық емес мәліметтерді бірінші рет ұсынғаны үшін – ескерту, бір жыл ішінде қайталап бұзғаны үшін – 10 350 теңге (3 АЕК) мөлшерінде айыппұл (ӘҚБтК 272-бабы) қарастырылған.
Салық салу объектілерін жасырғаны үшін жыл ішінде алғаш рет – төленбеген салықтар сомасынан 200% айыппұл, қайталап бұзғаны үшін - 300% мөлшерінде айыппұл (ӘҚБтК 275-бабы) қарастырылған.
Егер жеке тұлға декларацияны тапсырғысы келмесе және жыл сайын әкімшілік айыппұл төлеуге дайын болса не болады?
2025 жылдан бастап жеке тұлғаның активтері мен міндеттемелері, кірістері мен мүлкі туралы декларацияны ұсынбауы мұндай жеке тұлғаның:
жеке тұлғаның дербес салық салуға жататын кірістері;
мүлікті сатып алу, иеліктен шығару, өтеусіз алу фактісі (СК 633-бабы) болмауының растамасы болып есептеледі.
Мұндай адам мүлікті сатып алған жағдайда оның құны кіріс деп танылады және табыс салығы салынады (СК 72-бабы).
Сонымен қатар, салық салу объектілерін жасырғаны үшін төленбеген салықтар сомасынан 200% айыппұл, қайта бұзғаны үшін 300% айыппұл қарастырылған.