Мемлекеттік қызметті адал атқару бұл - қоғам мен мемлекет арасындағы сенімді нығайту және мемелекеттік қызметшілердің қызмет көрсету барысында өздерін әдепті ұстауы болып табылады.
Жалпы, қоғамда таныс-тамыр, сыбайластық деген ұғым бар. Осындай ұғым мемлекет беделіне кері әсерін тигізбес үшін әдеп кодексі қолданысқа енгізілді. Әдеп кодексі дегеніміз – бұл мемлекеттік қызметшілердің әдептілікті сақтауға қойылатын талаптар мен олардың мінез-құлқының негізгі өлшемдері.
Бүгінгі таңда мемлекеттік қызметшілерді тәрбиелеу мақсатында әдеп жөніндегі уәкіл белгіленген. Әдеп жөніндегі уәкіл мемлекеттік қызметшілерге талаптарды сақтау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы және Әдеп кодексінде жазылған мәселелері бойынша бағыт беріп отырады.
Мемлекеттік қызметшілер – билік пен халық арасын байланыстыратын көпір. Олар ең әуелі халықтың бірлігін сақтауға ықпал етуі тиіс. Және еліміздің ұлт жанды азаматы болуы керек. Тиісті мемлекеттік қызметтерді көрсеткен кезде өзінің кәсіби біліктілігімен ғана емес, жоғары жауапкершілігімен, әділ әрі адалдығымен, қарапайымдылығымен көзге түсуі керек. Мемлекеттік қызметші жұмысынан тыс уақытта да әдептілікті қатаң ұстануы қажет. Ол барынша сыпайы, өзінің лауазымын жеке басының пайдасы үшін қолданбайтын адал, кез-келген сәтте сабырлы, ұқыпты болғаны жөн.
Мемлекеттік қызметші – мемлекеттің беделі, айнасы. Халықтың алдында парасатты, әдепті, адал, мейірімді болу олар үшін үлкен жауапкершілік.
Әдепті сақтау тек қана мемлекеттік басқару саласында ғана емес, саясатта да, бизнесте де, медицинада, білімде, ғылымда, өнерде де, барлық салада да міндетті.
«Мемлекеттік қызметшінің абыройы - мемлекеттің беделі» дегендей әр бір мемлекеттік қызметші өзінің абыройын өзі таптамай қаншалықты жоғары бағаласа, мемлекеттің беделі де соншалықты биік болары сөзсіз.
Гүлмира Мендіқұлова,
аудандық қазынашылық басқарма басшысының міндетін атқарушы