Маңғыстау облыстық онкологиялық диспансерінде «Ару қала – Астана» атты қала күніне арналған мерекелік шара өтті. Бұл шараның бір ерекшелігі – осында емделіп жатқан науқастарға диспансердің дәрігерлері мен медбикелері өз өнерлерін көрсетті. Олардың бірі кұмбірлетіп күй тартса, бірі аспандата ән шырқап, енді бірі мың бұрала би билеп көптің көңілінен шықты.
-Біздің диспансерде әртүрлі мерекелік шаралар өтіп тұрады. Соның барлығы осында емделіп жатқан науқастардың аз да болса көңіл-күйін көтеріп, рухани қуаныш сыйлау үшін өткізіліп жатыр. Емделуші мен дәрігердің арасында бір-біріне деген сенім, ішкі байланыс орнату. Біз тек ем-доммен, дәрі-дәрмекпен, сөзімізбен ғана шектелмей, оларға деген құрметімізді осылай өнеріміз арқылы да көрсетсек, істеп жатқан жұмысымыздан нәтиже шығады деп үміт етеміз. Науқастар осы жерден тезірек жазылып шығып, отбасымен қауышып жатса, біздің борышымызды орындалғаны деп білеміз. Екіншіден, ұжымның арасындағы ішкі бірлікті одан әрі нығайту, өйткені біздегі медициналық қызметкерлердің көбісі жастар, арасында талантты дәрігерлер мен медбикелер өте көп. Өзіңіз білесіз, біздегі жұмыс басқа медициналық ұжымдарға қарағанда өте ауыр, талап та күшті. Осындай шаралар арқылы ақ халатты абзал жандар да бойындағы бұла өнерін көпшіілкке паш етіп,бір серпіліп қалады, - дейді диспансердің директоры Нұрлан Жариев.
Мерекелік шараға өлкемізге белгілі күйші Айтберген Жаңбыршы да келіп қатысып, өзінің шәкірттерімен бірге М.Өскінбайдың «Бұлбұл Ақжелең», Құрманғазының «Адай» күйлерін нәшіне келтіре орындап берді. Көрермендер әсіресе, «Балхадиша» сахналық қойылымын қызыға тамашалап, кәнігі әртістерше ойнаған дәрігерлерге қуана қол соқты. Осы шараның ойдағыдай өтуіне сахналық киімдерін беріп, қолдау көрсеткен Н.Жантөрин атындағы облыстық драмалық-музыкалық театрына да алғымыз шексіз, - дейді дәрігерлер. Нұрлан Жариевтің айтуынша, мұндай шаралар алдағы уақытта дәстүрлі түрде өткізіліп тұратын болады.