Маңғыстау және Атырау облыстарына жұмыс сапары барысында ҚМГ басшысы су ресурстарын басқару жөніндегі компанияның жобаларын іске асырумен танысты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Атырау облысында Мағзұм Мырзағалиев екі облыстың бірқатар аудандарының тұтынушыларын сумен қамтамасыз ететін "Астрахань-Маңғышлақ" магистральдық су құбырының ВНС-5 су сорғы станциясына барды. 2023 жылы су құбырының қуатын тәулігіне 110-нан 170-200 мың текше метрге дейін көбейту күтілуде.
Маңғыстау облысында ҚМГ басшысы Қаражанбас кен орнындағы тұщыту зауытына барды. Кәсіпорында тазартылған суды өндіру тәулігіне 7-8 мың текше метрді құрайды. 2022 жылдың соңына дейін зауыттың 17 мың текше метр толық қуатына шығуы жоспарланып отыр.
Екі жоба да батыс өңіріндегі ауыз су тапшылығы проблемасын шешу үшін ҚР Президентінің тапсырмалары шеңберінде іске асырылуда.
Жұмыс сапарының соңында М. Мырзағалиев Ақтаудағы Caspi Bitum мұнай өңдеу зауытында болып, зауыттың желтоқсан айына жоспарланған жөндеу жұмыстарына дайындығымен танысты.