Конференцияны «Amanat» партиясы Маңғыстау облыстық филиалының атқарушы хатшысы Нұрбек Қарасаев ашты. Кезектен тыс ұйымдастырылып отырған партия конференциясына «Amanat» партиясының Хатшысы Ринат Кертаев арнайы қатысты.
Жиын күн тәртібінде биылғы атқарылған жұмыстар мен алда тұрған міндеттер талқыланды.
«Биылғы жылды «Amanat» партиясының Маңғыстау облыстық филиалы табысты қорытындылады деп айтуға толық негіз бар. Өйткені биыл «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламасында көрсетілген істер сәтті аяқталып, көптеген мәселенің түйіні тарқады. Мәселен биыл 1800 орындық 2 мемлекеттік мектеп, 7 жекеменшік мектеп салынып, пайдалануға берілді. Ақтау қаласында 40 орындық психологиялық-педогогикалық түзету орталығы медициналық нысаны есігін айқара ашты. Облыс орталығында 130 пәтерлік 2 көппәтерлі үй құрылысы аяқталды. Өңір бойынша биыл 957 орындық 14 балабақша және 1500 орындық 3 спорт нысаны ашылды», - деді «Amanat» партиясы Маңғыстау облыстық филиалының Атқарушы хатшысы Нұрбек Қарасаев.
Ал Маңғыстау облыстық мәслихатындағы «Amanat» партиясы депутаттық фракциясының 2022 жылы атқарған жұмыстары және алда тұрағн міндеттері туралы Фракция жетекшісі Қалым Дербісов баяндады.
««Amanat» партиясы облыстық филиалының сайлауалды бағдарламасының 5 жылға арналған Жол картасы 7 басымдықтан және оны іске асыруға бағытталған 20 көрсеткіш пен 148 шарадан тұрады. Жол картасын іске асыру арқылы алдымен жұмыс орындарын сақтау және жаңа жұмыс орнын құру арқылы халықты жұмыспен қамтуды арттыру шаралары басты назарға қойылды. Жыл ішінде фракцияның 10 отырысы өтті. Көтерілген әлеуметтік-экономикалық мәселелер бойынша атқарушы органдардың басшылары есеп берді және фракция тарапынан тиісті тапсырма берілді. Қазіргі уақытта 118 іс-шараның 42-сі орындалды, 76-сы орындалып жатыр, 11-інің орындалмау қаупі бар. Келер жылы да халыққа берген уәделердің орындалуы үшін партия мен жергілікті атқарушы органдар өзара ынтымақтастықта жұмыс істеуді жалғастырады», - деді Қалым Дербісов.
Артында партия ардагері, белгілі қоғам қайраткері Қайролла Ережепов «Amanat» партиясы Маңғыстау облыстық филиалының төрағасын ұсынуды. Ашық дауыс беру нәтижесі бойынша «Amanat» партиясы Маңғыстау облыстық филиалының төрағасы болып Қарасаев Нұрбек Қарасайұлы сайланды. Осыған дейін ол «Amanat» партиясы Маңғыстау облыстық филиалының атқарушы хатшысы қызметін атқарып келген еді.
Конференцияны «Amanat» партиясының Хатшысы Ринат Кертаев қорытындылады. Ринат Думанұлы «Amanat» партиясы еліміздегі іргелі қоғамдық бірлестік екенін алға тартып, сенім білдерген әр азаматтың аманатына жауапкершілікпен қараудың маңызын тілге тиек етті.
Айта кету керек, қазір 16 мыңнан астам маңғыстаулық «Amanat» партиясының мүшелігінде. Сондай-ақ партия қатарында 102 бастауыш партия ұйымы бар.