Бүгін Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат Жигули Дайрабаев Маңғыстау облысына келді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайт.
Үміткер алдымен Мұнайлы ауданында орналасқан «Сауқымбек» ұн тарту комбинатының ұжымымен кездесті. Бірнеше жыл бұрын іске қосылған өндірістік цех ең жоғары сұрыпты ұн шығарып, 70-ке жуық адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Алдағы уақытта зауыт дайын өнімді экспортқа шығаруды көздейді. Алайда кәсіпорынға астық жеткізуде қиындықтар бар, вагондар жетіспейді.
«Өздеріңіз білетіндей, елдегі ауыл шаруашылығының негізгі саласы – егін шаруашылығы. Еліміздің солтүстік, орталық облыстарындағы аудандар республиканы астықпен қамтамасыз етуге, тіпті, астық дақылдарын шетелге экспорттауға мүмкіндік береді. Алайда ел ішінде туындап отырған мәселелер кәсіпкерлердің жұмысына кері әсерін тигізуде. Адал еңбек етіп, халықты сапалы әрі қолжетімді азық-түлікпен қамтамасыз ететін азаматтарымызға қолдау көрсетуіміз керек екенін үнемі айтамын. Қазақстанда шикізат қорын құру стратегиясында азық-түлік нарығын дамыту және оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету, ең алдымен, отандық өндіріс есебінен орындалуы тиіс», – дейді Жигули Дайрабаев.
Ұн тарту зауытынан кейін кандидат бордақылау кешенінде болды. Қазіргі таңда елде мал шаруашылығын дамытуға ерекше көңіл бөлініп жатыр. Осы бағытта жұмыс істеп жатқан кешен Ақтау қаласының тұрғындарын сапалы етпен қамтамасыз етуде. Дегенмен әлі су мәселесі шешілген жоқ, зауыт суды сатып алуға мәжбүр.
«Қазіргі таңда сумен қамтамасыз ету мәселесі әлемдегі көптеген елді алаңдатып отырғаны белгілі. Мамандардың айтуынша, су болашақта мемлекетаралық маңызды мәселе ретінде өзектілігін жоймайды. Өйткені су – тіршілік көзі. Сондықтан бұл мәселені мемлекеттік деңгейде шешкенде ғана тиімді жұмыс істеп, өңірді сумен қамтамасыз ете аламыз», - дейді кандидат.
Жигули Дайрабаев Мұнайлы ауылының тұрғындарымен де кездесті. Жиын барысында мал азығын дайындау мәселесіне ерекше назар аударды. Өткен жылмен салыстырғанда биыл бұл бағыт оң нәтиже беріп отыр дейді шаруа қожалықтарының иелері. Бұл ретте үміткер түйткілді мәселелердің алдын алу үшін тамшылатып суару әдісін әзірлеу керектігін айтады.