Қарақия ауданы, Жетібай ауылының тұрғындары 1 айдан бері лас, исі жағымсыз ауыз су тұтынып отырғанын айтып шағымын жолдады, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Тұрғындардың сөзінше, ауылда осы мәселеге байланысты шу шыққан соң әкімдік дереу ауыз су сынамасын санитарлық-эпидемиологиялық станцияға жіберген.
«Ауыз су құраманың анықтамасы әлі келмеген. Бүгін ауылға ауыз су беру тоқтатылды. Құрамы лас су келіп жатқанға ұқсайды. Еділ суын сүзгіден өткізіп, халыққа тұтынуға беруі қажет еді. Бірақ, ауыз су сүзгіден өткізілмей, жіберілген», - дейді ауыл тұрғындары.
Осы сауалмен аудан әкімдігіне хабарласқан едік. Қарақия ауданының әкімі Сымбат Төретаев қазір осы мәселеге қатысты барлық қажетті шаралар атқарылып жатқанын айтты.
Еділ суын тазарту өндірістік станциясы аудандық «Тұрмыс-Сервис» МКК иелігінде. Сол станцияға Атырау облысындағы «Магистральдық су ағызғысы» мекемесінен тәулігіне Жетібай ауылы мен өндірістік мекемелерге 4 мың текше метр су келеді. Жылына 1 млн 200 кубтай су алынады.
Ауыл белсенділерінің айтуынша, жақында Ресей мемлекетінің Астрахан қаласында тоқ сөніп, генерация болмай қалған. Сол себепті «Магистральдық су ағызғысының» қондырғылары 1 тәулік бойы істемей қалған. Кейін қайта тоқ қосылған соң үлкен су сорғыларында тұрып қалған су лайланған. Лайланған судан жағымсыз иіс пайда болған. Сондықтан бірнеше күн бойы қақтың дәмі бар дат суы келгенге ұқсайды.
Ал «Тұрмыс-Сервис» МКК мекемесінің басшысы Алдаберген Елубаев ауыл халқы таратқан ақпараттың негізсіз екенін алға тартты.
«Бүгін ауыз судан сынама алынып, СЭС-ке жолданды. Мамандары ауыз суды тұтынуға болатынын я болмайтынын сынама нәтижесе келген соң айтады», - дейді ол.
Қарақия аудандық құрылыс бөлімінің басшысы Гүлмира Толыбайқызының айтуынша, аудандық құрылыс бөлімі тарапынан Жетібай ауылындағы Еділ суын тазарту станциясын қайта құрылымдау үшін жобалық сметалық жоспар жасақталған.
«Еділ суын тазарту станциясының жұмысы 1997 жылдан бері Маңғыстаумұнайгаз мекемесінің есебінен атқарылып келген. 2014 жылы ауданның коммуналдық меншігіне берілген. Негізі Еділ суын тазарту станциясының көп тұсы стандартқа сәйкес келмейтін болғандықтан, күрделі жөндеу мен қайта құрылымдау жұмыстарын жүргізу үшін жоба жасақталды. Жоба құрылысының құны – 1 млрд 700 млн теңгені құрады. Жобаны жүзеге асыру үшін жыл басында республикалық бюджетке өтінім берілді. Жалпы қолдау табылды, дегенмен қаражат әлі бөліне қойған жоқ. Бірақ, аудандық бюджет қаражаты есебінен бастапқы жұмыстары үшін 8 млн қаражат бөлініп, мемлекеттік сатып алу конкурсын ұйымдастырып, мердігер мекемені анықтап отырмыз. Алдымызда өтетін кезекті мәслихат сессиясынан қаражат түскен жағдайда, осы жұмыстарды бастап кетуге үлкен мүмкіндік бар. Еділ суын тазарту станциясының қайта құрылымдау жұмыстары барысында ескірген қондырғаларды ауыстыру көзделген. Су тазарту станциясы толығымен ауыстырылады», - деді Гүлмира Толыбайқызы.