Тұрғындар құрғақ жөтел, қызу, дауыстың қарлығуы белгілерімен жиі шағымданып жатыр. Мұны мамандар тұмау және басқа да жедел респираторлы вирусты инфекциялардың эпидемиялық маусымымен байланыстырып отыр.
Маңғыстау облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 1 қазаннан бастап тұмаудың зертхана арқылы дәлелденген 59 жағдайы тіркелген. Оның ішінде 48 адам ересек болса, 11-і - 14 жасқа дейінгі бала. Ал 48 ересек адамның ішінде тұмаумен ауырған 25 жүкті әйел бар.
"Былтыр эпидемиологиялық маусымның осы кезеңінде тұмаудың 98 жағдайы тіркелген. Биылмен салыстырғанда ауру деңгейінің 39 жағдайға төмендегені байқалып отыр", - дейді облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті баспасөз қызметі.
Сонымен қатар мамандар аурудан айығудың тиімді жолы тұмауға қарсы екпе алу екенін де еске салды. Айтуынша, биыл тұмауға қарсы 90 000 доза «Гриппол плюс» вакцинасы сатып алынған. Ал облыс тұрғындарының 11,8%-ы вакцина салдырып үлгерген.
Сондай-ақ мамандар тұмау мен коронавирустың белгілері ұқсас екенін айтады. Ресми мәліметке сүйенсек, желтоқсан айының өзінде 74 адам коронавируспен ауырған. Ал кеше коронавирус инфекциясымен 2 адам тіркелді.
Осы ретте дәрігерлер тұмаудың және басқа да ЖРВИ-дың алдын алу үшін қоғамдық орында бетперде киіп, жеке гигиенаға мән беру қажет екенін айтады.