Ақтау тұрғындары 14ш/а "Астана" сауда үйінің жанындағы тас жолдың бойында орналасқан сауда нүктесіне шағымдануда. Саудагер жұмысының заңдылығын анықтау үшін mangystaumedia.kz сайтының редакциясы қала әкімдігіне сауал жолдады.
Ақтауда 1 сәуір күні теңіз жағалауындағы заңсыз кәсіпкерлікті тоқтату жұмыстары басталған еді. Нәтижесінде заңсыз мобильді павильондар мен балалар электромобильдері алынып тасталды. Дегенмен әлеуметтік желі қолданушылары теңіз жағасындағы заңсыз кәсіпкерліктің әлі жалғасып жатқанына наразы. Олардың айтуынша, саудагерлер теңіз жағалауынан кетсе де, жақын маңдарға орналасып, саудасын жалғастыруда.
- Мына дүңгіршіктер осыған дейін жағалауда тұрды. Қазір жолдың қарсы бетіне көшіп, саудасын жалғастыруда. Кешкі уақытта адам тым көп, кедергі тудырады. Әрі қаланың көркін бұзып тұр,- дейді тұрғындар.
Қалалық әкімдіктегілердің айтуынша, 14 шағын аудандағы «Астана» сауда орталығының жанындағы тас жол бойында орналасқан сауда нүктесіне қалалық әкімдік тарапынан кәсіпкерлік қызмет көрсету үшін жеке кәсіпкер немесе жеке тұлғағаларға рұқсат берілмеген. Яғни заңсыз түрде сауда жасауда.
- Аталған орында заңсыз кәсіп жасағандарға бөлім тарапынан сауда нүктесін алу бойынша ескерту хат жолданатын болады. Егер белгіленген күн ішінде сауда орны алынбаған жағдайда, әкімшілік хаттама толтырылып, коммуналдық мекемелер техникасымен сауда нүктесі алынатындығын хабарлаймыз,- деп жазды «Ақтау қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі» ММ мамандары.
Айта кетейік, ескерту хат жолданғаннан кейін кәсіпкер 7 күн ішінде сауда орнын алып тастау қажет. Алмаған жағдайда мүлік тәркіленетін болады.