
Мемлекеттің экономикалық мүдделерін қорғау бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар шеңберінде, сондай-ақ кәсіпорын қызметкерлерінің жаппай шағымдарын ескере отырып, Маңғыстау облысының прокуратурасы «Phystech II» АҚ қызметінде тексеру жүргізді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты облыстық прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Солтүстік Қаражамбас кен орнын игеруге қатысатын мұнай өндіруші компанияның қызметіне аудит 2022 жылдың желтоқсанында басталды. Оған себеп — жұмысшылардың жалақының аздығы мен еңбек жағдайының нашарлығы туралы шағымдары. Екі айлық тексеруден кейін прокурорлар 7 қадағалау актісін енгізді.
- Компания қызметінде қызметкерлердің еңбек құқықтарының бірқатар өрескел бұзушылықтары, сондай-ақ экологиялық заңнама талаптарының орындалмауы, мемлекет алдындағы келісімшарттық міндеттемелердің орындалмауы және басқа да кемшіліктер анықталды,- деп хабарлады облыстық прокуратураның қоғамдық мүдделерді қорғау басқармасының басшысы Мерген Меңдіғалиев.
Нәтижесінде, прокуратура қабылдаған шаралар бойынша кәсіпорын мемлекетке 1,2 млрд. теңге сомасына залалды өтеді, сондай-ақ 70 млн.теңгеден астам сомаға әкімшілік айыппұл төледі. Ал жұмысшылардың жалақысы 60% дейін көтерілді.