Бүгін ҚР Президенттігіне Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы атынан кандидат Нұрлан Әуесбаев Маңғыстау облысына сапармен келіп, Жанаөзен қаласындағы «Білім-Инновация» лицейі ғимаратында сайлаушылармен кездесу өткізді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Іс-шара барысында кандидат жиналған қауымға өзінің сайлауалды бағдарламасының басым бағыттары жөнінде баяндап берді.
Нұрлан Әуесбаевтың пікірінше, мұнай-газ саласы ел бюджетінің басым бөлігін құрайды. Дегенмен аталмыш өңір инфрақұрылым жағынан артта қалған аймақтардың бірі болып саналады. Мұның бәрі теңгерімсіз өңірлік саясаттың салдары. ЖСДП-дан кандидат барлық деңгейлі, оның ішінде облыстық әкімдерді сайлауды енгізу арқылы бұл тығырықтан шығуға болады деген пікірде.
Кездесу барысында бюджеттік процедураларды жетілдіру мәселесі де сөз болды. Жиналғандардың пікірінше, әр елді мекенде өзіне тиесілі ашық бюджет жасақталып, нақты уақыт режимінде онлайн түрде мемлекет ақшасының қалай және қайда жұмсалып жатқандығы ашық көрсетіліп отырылуы тиіс.
Бұдан бөлек, бас қосқандар қазақстандықтардың өмір сапасының Стандартын енгізу мәселесін де талқылады. Стандартта азаматтарымыздың сапалы тамақтануынан бастап, демалысына дейінгі барлық қажеттіліктері қарастырылуы қажет, - дейді үміткер.
Естеріңізге сала кетейік, ҚР Президенті кезектен тыс сайлауы 2022 жылғы 20 қарашада, жексенбі күні өтеді. Қазақстан сайлаушыларының тізіліміне белсенді сайлау құқығы бар 11,8 миллионнан астам азамат енгізілген. Маңғыстау облысында бүгінгі таңда сайлаушылардың саны 411 мыңнан асады. Қазіргі таңда облыста алдағы сайлауды ұйымдастыруды және өткізуді қамтамасыз ететін 1 облыстық, 2 қалалық және 5 аудандық сайлау комиссиялары жұмыс істейді. Әр учаскеде осы учаскеде тіркелмеген адамдардың сайлау учаскелерін анықтау үшін 2 сервистік орталық жұмыс істейді. Бұдан басқа, 5 сайлау учаскесінде тіркелмеген адамдарды уақытша тіркеу үшін Халыққа қызмет көрсету орталығының қызметкерлері жұмыс істейтін болады.
Сайлау алдындағы үгіт 21 қазан сағат 18.00-де басталып, 19 қарашаның түн ортасында аяқталады. Содан кейін тыныштық күні жарияланады, ал 20 қарашада жергілікті уақыт бойынша 7:00-де республика бойынша сайлау учаскелері ашылады. Дауыс беру жергілікті уақыт бойынша 20: 00 - ге дейін жалғасады. Сайлау нәтижелері 27 қарашадан кешіктірілмей жарияланады.