Маңғыстау облыстық көпбейінді ауруханасының хирург-дәрігерлері 30 жастағы науқасқа лапароскопиялық спленэктомия, кистэктомия операциясын жасады, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты аурухананың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Аталған ота ауруханада сирек жасалады. Дәрігер Алия Тағанованың айтуынша, науқас сол жақ қабырғасының ауырсынуына шағымданып келген. Жедел түрде КТ, УДЗ жүргізіліп, көкбауырда үлкен киста бар екені анықталады.
«Науқасқа лапароскопия арқылы теріні кеспей талақты алып тастау (спленэктомия, дренаждау) операциясы жасалды. 2,5 сағатқа созылған ота сәтті өтті. Науқастан 15 см киста алынды. Операциядан кейінгі кезеңі жеңіл болды. Науқастың өзі еркін тұрып, жүре алды. Екі-үш күннен соң үйге шығарылды. Жалпы мұндай операциялар бұған дейін лапаротомия, яғни теріні кесу арқылы жасалатын. Ал қазір заманауи құрал-жабдықтардың нәтижесінде ота ауырсынусыз жасалуда», - деді хирург-дәрігер Алия Тағанова.
Операцияны дәрігер Сағат Бітімов және Алия Тағанова жасады. Жалпы хирургия бөлімшесінде күнделікті жоспарлы түрде холецистэктомия (өт қабын алу), өт тас ауруының асқынуына, аппендектомия, бауырдың кистасын алу операциялары жиі болады.
Айта кетейік, жоспарлы операциялар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру арқылы, шұғыл операция медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі бойынша тегін жүргізіледі.