Маңғыстаудың 4 кәсіпорны ел Президентінің «Алтын сапа» сыйлығында бірден түрлі номинация бойынша жеңімпаз атанды. Мұндай нәтиже соңғы 5 жылда алғаш рет тіркеліп отыр, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Сонымен «Халық тұтынатын тауарлар шығаратын үздік кәсіпорын» номинациясы бойынша «Алтын сапа» сыйлығы «Жамал-ай» ЖШС-не (директоры Хасанова З. М.), ал «Қызмет көрсететін үздік кәсіпорын» номинациясына «Optimum Жобалау институты ЖШС» (директоры Құрманов Б.) ие болды.
«Өндірістік мақсаттағы үздік өнім» номинациясы бойынша «ІСКЕР» сыйлығы «ОСС Қазақстан» ЖШС (директоры Есбосинов Ч.М.), «Халыққа арналған үздік тауар» номинациясын бойынша ЖК Бағытжан Майра Рзабекқызы, «Rakhim Baby» брендінің құрылтайшысы алды.
«АТАМЕКЕН» ҰКП мен Маңғыстау облысы Іскер әйелдер кеңесі тарапынан үлкен жұмыстар атқарылды. Елдегі үздіктер арасындағы тартысты байқаудан бөлек, әрбір кәсіпкер мен кәсіпорыннан байқауға қатысу үшін материалдарды дайындау процесінің өзі шығармашылықты, жауапкершілікті, ұқыптылықты талап етті. Ұлттық байқау комиссиясының құрамына барлық саладағы ең үздік қазақстандық сарапшылар кіреді. Сондықтан байқауда жеңімпаз атану оңай емес. Ал біздің бүгінгі жеңімпаздарымыз шын мәнінде үздіктердің үздігі. Баршаңызды құттықтаймын!» - деді облыстық Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Сәуле Салихова.
Президенттің «Алтын сапа» сыйлығы иегерлерінің басым бөлігі 10 облыстан болды. Оның ішінде ең көп Алматы облысы – 3, Маңғыстау – 2, қалған өңірлердің кәсіпкерлері бір-бір марапат иеленді. Арнайы «Іскер» сыйлығы бойынша 6 облыстың кәсіпкерлері марапатқа ие болды, оның ішінде Маңғыстау облысы – 2, Алматы – 2, қалғандары бір марапатқа ие болды.