© Архив
Маңғыстауда Yessenov University филология ғылымдарының докторы, профессор Бибіайша Нұрдәулетова ғылыми жобасы аясында тарихи-мәдени нысандарды зерттеген. Аталған ғылыми жоба ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің гранттық қаржыландыруымен орындалды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Филология ғылымдарының докторы, профессор Бибіайша Нұрдәулетова «Маңғыстау аймағындағы сакралды мәтіндердің концептуалды кеңістігі (жыраулық мәтіндер, эпитафиялық жазба мәтіндері, петроглифтер)» тақырыбын ғылыми жобаға арқау еткен. Жоба аясында Маңғыстау мен Үстірт аймағында 3 рет далалық ғылыми экспедиция ұйымдастырылды.
Жоба жетекшісі Бибіайша Ілиясқызының айтуынша, экспедиция барысында Сейсем Ата пантионы, Қараман Ата, Масат Ата, Қамысбай Ата, Қарағашты әулие т.б. жерлеу орындары және Таңбалы сай (Қара қабақ), Қарлыбас, Тынымбай шоқы, Шайтанкүп, Олжабай, Қақпақты тарихи-мәдени нысандары зерттеліп, барлығы 96 таңба, 4 түрлі «вавилон» кестесі суретке түсірілген. Олардың қатарында әлі анықталмаған таңбалар да бар. Ескерткіштерде кездесетін негізгі таңбалардың ең көнесі сармат тайпаларына, ал берісі оғыз және қазақ тайпаларына тиесілі. Қазіргі таңда облыс аумағында 3 руналық жазба, 13 таңбалар жиынтығы (таңбалардың ауқымына қарай, олардың бесеуі ірі көлемде, сегізі шағын көлемдегі таңбалар жиынтығы), 4 көлемді петроглиф табылған.
Зерттеу тобы жазба құжат ақпарынан басқа Маңғыстау өлкесінде әр кезеңдерде жүргізілген археологиялық қазбалардың нәтижелерін, ономастикалық ізденістерді, яғни ескі карталар мен ел жадында сақталған жер-су атауларын, жергiлiктi аңыздар және эпиграфиялық материалдар мен таңбаларды негізгі дереккөзі ретінде қарастырған.
Зерттеу барысында Қазақстанның өзге де өңірлерінде, Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан жерінде кездесетін оғыздық таңбаларды Маңғыстаудағы таңбалармен салыстыру жұмыстары жүргізілген. Жоба мүшелері Түркия (Стамбул), Әзербайжанға (Баку қаласы және қала сыртындағы тарихи орындар) барып, зерттеумен айналысатын ғалымдармен ақпарат алмасқан, тарихи орындарға, археологиялық қазба орындарына экспедиция жасаған, тарихи-археологиялық музей экспонаттарына зерттеу жүргізген.
Экспедиция барысында ғалымдар Маңғыстау аймағында кездесетін эпитафиялық жазбаларды тізімдеп, хатқа түсірген, қазақ тіліне аударған, сакралды мәтіндерге лексика-семантикалық, концептуалдық талдау жасаған, Маңғыстау облысы аумағындағы таңбалы тастар жүйеленіп, классификация жасалған, интерпретацияланып, ғылыми ортаға ұсынылған. Жүргізілген далалық экспедиция нәтижесінде «Маңғыстау өңіріндегі эпитафиялық жазбалар» (Тас кітап) тақырыбында 40 минуттық деректі фильм түсірілді. Қазіргі таңда зерттеуші мұнан басқа іргелі ғылыми-зерттеулер жүргізіп, жаңа деректерді жарыққа шығарып жатыр.