Маңғыстау облысында екі-ақ жыл жұмыс істеген ірі құс фабрикасы жабылды. Екі жүз адам жұмыссыз қалды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
«Ақтау Агро» құс фабрикасы 2021 жылдың көктемінде жұмысын бастады. Кәсіпорын бүкіл аймақтың тауық етіне деген қажеттілігінің жартысын жабуға қауқарлы еді. Алайда екі жылдан кейін құс фабрикасы жабылып қалды. Бұл мәселені Мәжілісте депутат Динара Шөкижанова көтерді.
«Бұл өңірдегі өзекті мәселелердің бірі – қымбат азық-түлік пен жұмыссыздық. Үш жыл бұрын өңірде «Ақтау АГРО» құс етін өндіретін зауыт ашылды. Кәсіпорын 5 мың тоннадан астам құс етін өндіруге қауқарлы. Ал бұл көлем өңірдің қажеттілігінің жартысын қамтамасыз етеді. Ең бастысы, ауылдың 200 тұрғыны осы зауытта жұмыс істеп жүрген еді. Алайда, биыл тамызда бұл зауыт жабылып, барлығы жұмыссыз қалды. Біз шеше алатын үш мәселе кәсіпорынның өзгеріссіз қалуына мүмкіндік береді. Біріншісі – 170 миллион теңге көлемінде субсидия бойынша берешектерді төлеу. Бұл аккумулятор желісі бойынша негізгі мақсаттарға несие беру. Кәсіпорын несиеге өтініш берген, бірақ берілмепті. Сондай-ақ азық-түлік корпорациясының жемдік ресурстарынан жем-шөппен қамтамасыз ету. Ауыл шаруашылығы министрлігі, сіздер бұл мәселеден хабардарсыз ба және оны қалай шешуге болады?», - деп Динара Шөкижанова Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдеріне жүгінді.
Ауыл шаруашылығы вице-министрі Әбілқайыр Тамабек бұл жағдай туралы білетінін айтты.
«Ақтау АГРО» ЖШС жабылуының басты себебі – Уфадан тасымалданатын инкубациялық жұмыртқа. Уфадағы кәсіпорын құс тұмауына байланысты жабылғандықтан, Маңғыстау облысындағы кәсіпорын да жабылды. Иә, Агрокредиттік Корпорациядан кәсіпорын 5,6 миллиард теңге көлемінде қаражат алды. Бүгінгі таңда олар инкубациялық жұмыртқа өндіретін кәсіпорын ашу үшін 3 миллиард теңге сұрап отыр. Мәселе директорлар кеңесінің отырысында талқыланып, 17 қазанда шешімі шығады. Субсидиялар бойынша қарызы жоқ. Олар несие уақытын ұзартты. Ұзартылған кезде үстіндегі пайыз толығымен төленеді. Ал бұған кәсіпорын келіспеді. Дегенмен, бұл бәріне ортақ ереже. Азыққа келетін болсақ, азықтың сапасы төмендеді. Біздің азық-түлік корпорациясында 235 мың тонна жем бар. Маңғыстау облысына тасымалдау үшін 80%-ға дейін жеңілдік қарастырылған. Жем-шөппен ешқандай проблема жоқ. Инкубациялық жұмыртқа мәселесі шешілгеннен кейін басқасын да шешеміз", - деп атап өтті Әбілқайыр Тамабек.
Динара Шөкижанова мәселені ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігімен бөлек талқылауды ұсынды.
«Сіздің жауабыңызға сүйенсек, ешқандай проблема жоқ. Бірақ, өкінішке қарай, кәсіпорын жұмысшылары қазір нәпақасыз отыр. Бұл мәселені егжей-тегжейлі талқылайық. Біз, депутаттар осы сұрақтардың шешімін жауапты министрліктен ала алмаған кезде сауал көтеретініміз өте өкінішті", - деді Динара Шөкижанова.
Ольга Золотых
Махаббат Нұржанқызы