Маңғыстау облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Елубай Әбілов Маңғыстау облыстық аумақтық сайлау комиссиясы 2022 жылдың 20 қарашаға тағайындалған ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауын әзірлеу және өткізу жұмыстарын Орталық сайлау комиссиясы бекіткен күнтізбелік жоспарға сәйкес жұмыстарын жүргізіліп жатқандығын мәлімдеді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
"Қазір облыста сайлауды ұйымдастыруды және өткiзудi қамтамасыз ететін 1 облыстық, 2 қалалық, 5 аудандық, барлығы - 8 аумақтық сайлау комиссиялары қызмет атқаруда. Комиссиялардың жұмыстарын жүргізу үшін жалпы саны 243 учаскелік және 8 аумақтық сайлау комиссияларында, барлығы - 1765 комиссия мүшелері тартылған. Сайлау комиссияларының мүшелері толықтай тағайындалған, бос орын жоқ. Биыл 10-қазаннан бастап Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының өңірлік филиалының базасында сайлау комиссияларының 300 мүшесі оқытылды. 1765 адам сертификат алды. Келесі жылыда 600 адамды оқытуды жалғастырамыз.
Учаскелердің шекаралары және комиссия құрамдары туралы мәліметтер бұқаралық ақпарат құралдарында облыстық «Маңғыстау», «Огни Мангистау» газеттеріне жарияланды, man.sailau.kz және облыс әкімдігінің сайтына орналастырылды, man.sailau.bot телеграмм каналына енгізілді. Барлық қала, аудан әкімдіктерінде колл – орталық қызметі жұмыс жасап тұр. Әр учаскеде сол учаске бойынша тізімде жоқ адамдардың сайлау учаскелерін анықтау үшін 2 сервис орталығы болады. Сонымен қатар, мекен жай бойынша тіркелмеген адамдарды уақытша тіркеу үшін 5 сайлау учаскелерінде халыққа қызмет көрсету орталығының қызметкерлері жұмыс жасайтын болады",-деді Елубай Әбілов.
Оның мәлімдеуінше, облыста бөлінген үй-жайда кандидаттардың сайлаушылармен кездесулер өткізетін 54 үй-жай жасақталып және оны бұқаралық ақпарат құралдарында жариялады. Қол қою парақтарында сайлаушылардың қолдарының дұрыстығын тексеру бойынша 1962 дана қол қою парағы тексеріліп, хаттамасы орталық сайлау комиссиясына жолданды.
Қазан айының 30 – күні әрбір сайлау учаскесі бойынша тиісті әкім қол қойған сайлаушылар тізімдері акт бойынша қабылданды.
Облыстағы сайлаушылардың саны 411 103 адам.
Сайлаушылардың 1% құрайтын, дауыс беру құқығын беретін есептен шығару куәлігінің 4110 данасы тиісті аумақтық сайлау комиссияларына тапсырылды.
Сайлау бюллетеньдерін жеткізу бойынша полиция департаментіне хат жолданды. Бюллетеньдер орналасатын бөлмелердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуді Полиция департаментіне тапсырылды.
Бүгінгі күнге облыстық аумақтық комиссия Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауын әзірлеу мен өткізу жөніндегі негізгі іс – шаралардың күнтізбелік жоспарына сәйкес, атқарылатын жұмыстарды бақылауда ұстауда, Маңғыстау облыстық аумақтық сайлау комиссиясы алдағы өткізілетін еліміз үшін маңызды және жауапты сайлау науқанына дайын.