Маңғыстау облысында 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні мен 9 мамыр – Жеңіс күніне орай 250-ден астам мәдени іс-шара ұйымдастырылады. Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте өңірлік мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бөлім басшысы Әсем Әшірова айтты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Спикердің айтуынша, мереке аясында Қазақстан әскерінің қуаты мен мүмкіндіктері кеңінен көрсетіледі. Патриоттық акциялар Ұлы Отан соғысы жауынгерлері мен әскери қызметшілерді қадірлеуді мақсат етеді.
Атап айтсақ, 4 мамыр күні облыстық кітапханада «Ұрпақтар ұмытпайтын ұлы жеңіс» ерлік сағаты мен халық қаһарманы Қасым Қайсеновтың 105 жылдығына орай «Соғыстың соңғы сардары» атты еске алу кеші өтеді. Ал, 5 мамыр күні сағат 17:00-де Абай атындағы мәдени демалыс кешенінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әнші Нұрлан Өнербаевтың «Айтылмаған бір әнім бар» атты шығармашылық кеші болады. Сондай-ақ, 7 мамыр күні №3502 әскери бөлім сарбаздары мен білім инновация лицейі оқушыларының қатысуымен «Ерлік ұрпаққа мұра» патриоттық сағаты ұйымдастырылады.
-Сонымен қатар, 7 мамырда 4 ш/а «Астана» алаңында Абай мәдени демалыс кешенінің ұйымдастыруымен «Сарбаздар ән салғанда» дәстүрлі қалалық сапта жүріп ән айту байқауы да өтетін болады. Өнер сүйер қауым үшін облыстық музыкалық-драма театрында «41 жылғы келіншектер» қойылымы сахналанады, - деді Әсем Әшірова.
Сондай-ақ, спикер брифингте 9 мамыр күні «Мәңгілік алау» алаңында таңертеңгі сағат 9:00 мен 11:00 аралығында «Желбіре, Жеңіс туы» мерекелік концерт болатынын айтып өтті. Ал, кешкі сағат 19:00-де «Ер есімі – ел есінде» мерекелік концерті ұйымдастырылатынын да тілге тиек етті.
-Жеңіс күніне орай Н.Жантөрин атындағы музыкалық драма театрында сағат 19:00-де «Ана – Жер ана» қойылымы сахналанып, қала аудан орталықтарында «Отанға адал сарбаздар» патриоттық кеші мен «Ер – елінің қорғаны» атты салтанатты жиын мен концерттер өтеді, - деді Әсем Әшірова.
Қалалық әкімдіктің мәдіметінше 9 мамыр күні мерекелік отшашу болмайды.