Маңғыстау облысында былтыр сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулерді сақтамаған 24 тұлғаға қатысты әкімшілік іс қозғалып, оларға жалпы көлемі 9 млн. теңге айыппұл салынды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz департаменттің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Әкімшілік жауапкершілікке тартылған адамдар сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулерді бұзды. Оның ішінде, Қазақстан Республикасының заңнамасында кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға тыйым салу белгіленген квазимемлекеттік сектордың 17 басшысы кәсіпкерлікпен заңсыз айналысқан. Олардың ішінде 10 мектеп директоры, төрт мемлекеттік қызметші, 3 жергілікті атқарушы органға қарасты кәсіпорын басшысы бар. Қарақия ауданы бойынша квазимемлекеттік сектор басшысының заңсыз кәсіпкерлікпен айналысу кезінде тапқан 17 млн. теңге табысы мемлекетке тәркіленді,» деді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаментінің басқарма басшысы Қайрат Байгебаев.
Сондай-ақ, төрт мемлекеттік органның басшысы өздеріне бағынысты мекеме басшыларын тағайындау кезінде олардан активтері мен міндеттері туралы декларацияның тапсырылуын қамтамасыз етпеді.
Лауазымды адамдарға заңсыз материалдық сыйақы бергені үшін екі адам жауапқа тартылған. «Құрық теңіз порты» ЖШС басшысы бұрын сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған адамдарды жұмысқа қабылдағаны үшін жауапқа тартылды.
Осы тұста, Департамент мемлекеттік қызметшілерге және оларға теңестірілген адамдарға өздеріне қабылдаған шектеулерді орындау қажеттігін ескертеді.