Бүгін Ақтауда Қазақстан Журналистер Одағының Маңғыстау облыстық филиалының ұйымдастыруымен Терекбай Жаңбыршыұлы атындағы арнайы сыйлықтар табысталды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Осыдан 1,5 ай бұрын Маңғыстау өңірінің дамуы мен тарихы жайында қалам тербеп жүрген журналистерді қолдау, талантты тілшілерді ынталандыру мақсатында Маңғыстау және Түпқараған аудандарының Құрметті азаматы, «Қазақстанның құрметті журналисі» Терекбай Жаңбыршыұлы атындағы байқау жарияланған болатын. Бүгін сол байқаудың әр аталымы бойынша жеңімпаздар марапатталды.
Байқау қорытындысы бойынша Маңғыстаудың өркендеуі мен тарихы тақырыбында үздік мақала авторы номинациясымен "Маңғыстау" газетінің журналисі Анаргүл Жексембайқызы, телерадиодағы үздік бейнесюжет және бейнехабар авторы номинациясымен "Qazaqstan" телеарнасының өңірдегі меншікті тілшісі Аягөз Оралбаева, «Ақпараттық сайттардағы Маңғыстаудың өркендеуі мен тарихындағы үздік материал авторы» номинациясымен mangystaumedia.kz сайтының журналисі Жұлдызай Қалиева марапатталды.
Сондай-ақ Маңғыстау облысындағы алғашқы әйел кәсіби журналист Шарай Батырбайқызы атындағы стипендия Б. Жұмалиев атындағы орта мектептің 10-сынып оқушысы Інжу Русланқызына табысталды. Аталған сыйлық биыл үшінші рет табысталып жатыр. Шарай Батырбайқызы атындағы степендия сыйлығын табыстау үшін анасының жолын жалғаған қызы, журналист Ләззат Ноғайбаева Алматыдан арнайы келді.
Сонымен қатар бірқатар журналист ҚР Журналистер Одағының Құрмет грамотасымен марапатталды.
БАҚ қызметкерлері күніне орай өткен салтанатты шараға Терекбай Жаңбыршыұлының зайыбы Светлана Қанапияқызы, елге белгілі күйші Сержан Шәкірат және облыстағы БАҚ қызметкерлері қатысты.