
12 маусым күні Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай NCOC компаниясының басқарушы директоры Джанкарло Руйумен кездесті. Кездесу барысында тараптар әріптестікті одан әрі нығайту, ірі мұнай жобалары операторының өңірдегі әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру барысын талқылады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Маңғыстау облысының әкімі ел Президентінің экономикаға инвестицияны көбірек тартуға және өңірлерде қолайлы инвестициялық ахуал қалыптастыруға баса көңіл бөліп отырғанын атап өтті. Нұрдәулет Қилыбай NCOC компаниясының басшылығына өңір тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға бағытталған бірқатар ұсыныстарын жолдады. Яғни, сапалы қызмет көрсетіп, жоғары сапалы тауар өндірушілері ретінде өзін дәлелдеген және болашақта сенімді серіктес бола алатын жергілікті компаниялардың қызметіне жүгінуді сұрады.
– Қазіргі күн тәртібінде тұрған басты мәселе - жаңа жұмыс көзін ашатын жобаларды жүзеге асыру. Сіздерге шалғайдағы ауылдарды қолдауға қатысты ұсынысым бар. Біздің өңірде ата-бабамыздан қалған түйе малы бар. Сол түйенің сүтінен құрғақ сүт өндіретін өндіріс орындарын салып берсеңіздер. Қытайлық кәсіпкерлер өнімді алуға дайын. Ал, түйе бағып отырған ауылдарда шағын цех іске қосылатын болса, жұмыс көзі ашылып, жастар туған ауылында қалып, ауылдардың дамуына серпін берер еді.
Біз өз тарапымыздан жан-жақты қолдау көрсетуге дайынбыз, – деді Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай.
Кездесуге қатысушылар өңірге қажетті мамандарды даярлау және оларды оқытуға қолдау көрсету мәселелерін де талқылады.