Маңғыстау облысы ПД бастығының бірінші орынбасары мектеп бітіруші түлектерге үндеу жолдады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
«Құрметті ата-аналар мен түлектер! 25 мамыр күні өңіріміздің барлық мектептерінде оқу жылының аяқталуына арналған соңғы қоңырау іс-шарасы өткізіледі. Осы шара барысында полиция органдары қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша барлық шараларды қабылдайтын болады.
Ішкі істер министрінің тапсырмасына сай әрбір оқу орнына жауапты полиция қызметкері бекітілді. Патрульдік жасақтар іс-шаралар өткізілетін орындарға барынша жақын болады.
Соңғы жылдардағы тәжірибеге сүйенсек, мектептердегі соңғы қоңыраулар аяқталғаннан кейін ата-аналардың рұқсатымен көптеген түлектер іс-шараларды өз бетінше жалғастырады. Өкінішке орай, жасөспірімдердің көлік тізгіндеуі қайғылы оқиғаларға әкеп жатады.
Одан бөлек, ата-аналардың бақылауынсыз балалар тыйым салынған жерлерде суға түсіп жатады. Өткен жылы мұндай фактілер Маңғыстау өңірінде де орын алды.
Осыны ескере отырып, құрметті ата-аналар және білім беру мекемелерінің басшылары, сіздерден балаларыңыздың келеңсіз жағдайларға ұшырамауы үшін сақтық шараларын қатаң ұстануларыңыз сұралады! Сонымен қатар, түлектердің жүріс-тұрысын жіті қадағалаңыздар», деді Маңғыстау облысы ПД бастығының бірінші орынбасары Болатбек Ақшауов.